Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өткен жылдың маусым айында Атырау қаласына келіп, есірткі заттарын жасырын тығу арқылы саудаламақ болған 29 жастағы Батыс Қазақстан облысы тұрғынын анықтап, ұстаған болатын, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Тексеру жұмыстары кезінде күдіктіден қара нарықтағы құны 25 млн теңге шамасында болатын 1700-ге жуық доза синтетикалық есірткісі тәркіленді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, 29 жастағы күдіктінің қылмыстық жасаудағы кінәсі толық дәлелденді. Күдікті тұрмыстық жағдайы нашарлап, несиелік қарыздарын өтеу мақсатында жұмыс іздемек болып, тұрақты жұмыс таба алмай Telegram әлеуметтік желісінде есірткі затын жасырын әдіспен таратушы болып бастағанын айтқан.
Қазіргі таңда қылмыстық құқық бұзушылық жасаған өзге облыс тұрғынына қатысты Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды.
Фото: "фейсбук"