Бұрынғы сот төрағасына мемориалды тақта орнатылды

Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар Парменов және Сот әкімшілігі департаментінің басшысы Гульжан Джумагалиева Құрманғазы аудандық сотының бұрынғы төрағасы Махмеден Мағзомовтың құрметіне қойылған мемориалды тақтаның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Олыстық соттың баспасөз қызметінен білгеніміздей, ашылу салтанатына өңірдің судьялар корпусы, аудан әкімі, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Судьяны еске алуға Билер кеңесінің мүшелері мен медиаторлар да келді.

Мемориалды тақта Махмеден Мағзомов өмірінің соңғы жылдарында қызмет еткен Құрманғазы аудандық сотының ғимаратында орнатылды.

Мұхтар Парменов өз сөзінде судьяның мінсіз еңбегі мен сот жүйесінің дамуына қосқан үлесін атап өтіп, оның туыстары мен жақындарына жылы лебізін білдірді.

Аудан әкімі Махмеден Мағзомовтың өмір және еңбек жолы әріптестері мен жас ұрпаққа үлгі болатынын атап өтті.

Махмеден Мағзомов 1972 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін Теңіз ауданының заңгерлік консультациясының меңгерушісі және партиялық ұйымның хатшысы болып жұмыс істеді.

1980-1988 жылдары Құрманғазы аудандық сотының судьясы және төрағасы лауазымдарын атқарды. 1989 жылы аудандық сот үлгілі сот атағына ие болған.

Отбасында жұбайымен бірге 4 бала тәрбиелеп өсірген.

Махмеден Мағзомовтың қызы – Алтыншаш әкесінің ісін жалғастырды және қазіргі уақытта Атырау облыстық сотының судьясы болып қызмет етуде.

Сөз сөйлеген әріптестері, достары және туыстары әріптестерін еске алып, оның кәсіби білікті, жарқын тұлға болғанын, үлкен бедел мен әріптестерінің шексіз сыйластығына ие  болғанын атап айтты.

Мемориалды тақтаның ашылу рәсімі гүл шоқтарын қою рәсімімен аяқталды.

Қызметтік іс-сапар барысында Мұхтар Парменов аудандық сот жұмысымен  танысып, азаматтарға қабылдау өткізді.

Әділет АМАНГЕЛДІ

Возможно, это изображение 16 человек, больница и текст