Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
"Құрметті көлік жүргізушілерінің назарына! Ауа-райы салқындап, жауын-шашынның көп түсуінен тас жолдардың тайғақ болуына байланысты көлік құралдарының еркін қозғалысына қиындықтар туындайды. Осы орайда қыстың алғашқы күні 1 желтоқсаннан бастап автокөлік дөңгелектерін қысқы үлгідегі дөңгелекке ауыстыру қажеттігін қатаң түрде ескертеміз. Егер жазғы маусымдық үлгідегі дөңгелектерді қысқы маусымда пайдаланған жағдайда көлік жүргізушісіне 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 18460 теңге көлемінде айыппұл көзделетінін қаперлеріңізге береміз.
Сонымен қатар, қала сыртындағы тас жолдардың қар құрсауында қалуы немесе көк тайғақтың орын алуы кезінде жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігі үшін құзырлы орган өкілдерінен құрылған топтар тас жолдарда уақытша шектеу енгізеді. Осыған байланысты кейбір жүргізушілер мен жолаушылар тарапынан шағымдар түсіп, полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамай полиция бекеттерін айналып өту немесе қарсыласу арқылы жабық тұрған тас жол бағытына шығуды көздеп, өздерінің өмірі мен денсаулығын қауіп қатерге тігеді.
Осы ретте, жүргізуші полицияның заңды талабын орындамай тас жолдың рұқсат етілмеген бағытына шыққан жағдайда жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы, яғни сот органдарының қарауымен 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 110 мың 760 теңге көлемінде айыппұл көзделеді немесе 5 тәулікке қамаққа алынады. Сонымен қатар, аталған жағдай кезінде жүргізуші және жолаушылар тарапынан полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолданылса немесе денсаулығына әр түрлі дәрежеде зақым келтірілсе, қылмыстық жауапкершілік көзделетінін қаперлеріңізге береміз" делінген хабарламада.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: облыстық ПД баспасөз қызметі