Атыраулық полицейлер ата-аналарға ескерту жасады

Облыстық полиция департаменті мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналарға ескерту жасап жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Білім беру ұйымдарында 2024 жылғы мектеп бітірушілерге арналған салтанатты шаралардың өткізілуіне орай, атыраулық полицейлер күшейтілген бағытта қызмет етеді. Атырау облысы ПД мектеп бітірушілер кеші кезінде жасөспірімдер мен оқушыларға құқық бұзушылықты болдырмай, тыныштық пен қауіпсіздікті қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Тәжірибе көрсеткендей, соңғы оқу жылында жас түлектердің қатысуымен мерекелік автокортеждерде жол-көлік ережелерін бұзу, тыйым салынған жерлерде суға түсу фактілері анықталып, соңы  орны толмас қайғыға әкелген оқиғалар да орын алды.

"Құрметті ата-ана және жас түлек! Арнайы автокортеждерді ұйымдастыру кезінде  түлектер көлік терезесінен шығып, көше тыныштығын бұзған жағдайда, мейрамханалар мен өзге көңіл көтеру орындарында жасөспірімдердің заңды өкілінсіз жүруі, алкогольдік және басқа да тыйым салынған заттарды пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін, құқықбұзушылық пен оқыс жағдайларды болдырмас үшін балаларды қатаң қадағалауды сұраймыз! Биылғы жылдың түлектері іс-шараны жоғары мәдениеттілікпен, рухани-адамгершілікпен өткізетініне сенім арта отырып, ата-аналар мен түлектерді қоғамдағы өзін-өзі ұстау және қауіпсіз мінез-құлық ережелерін сақтауға шақырамыз! Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда дереу 102 арнасына, ал төтенше жағдайлар туындаған кезде 112 нөміріне хабарласу қажеттігін ескертемі" делінген хабарламада.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ