Атырауда кибералаяқтар көбейіп кеткен бе?

Биыл интернет-алаяқтық 30 пайызға өскен, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Атырау облысы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының кибер қылмысқа қарсы күрес тобының аға жедел уәкілі Асхат Нұрманов баспасөз брифингінде мәлім етті. Құпия ақпаратқа қол жеткізу, онлайн қызмет көрсету, тауарларды онлайн сатып алу және жалған банктер мен ұялы байланыс операторларынан хабарлама жіберу – интернет арқылы қылмыс жасайтындардың негізгі әдістері. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері облыс көлемінде мұндай заңбұзушылықтың 920-сы тіркелген.

- Облыста интернет алаяқтықтың алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Алайда заңбұзушылықтар азаяр емес. Оған алаяқтардың басқа мемлекетте болуы себеп. Және олар жаңа хакерлік қосымшаларды пайдалануда. Қазіргі уақытта анықталған қылмыстың 106-сы сотқа жолданып, қалғаны тергеліп жатыр. Көбіне алаяқтарға құрбан болатындардың басым бөлігі 25-45 жас аралығында болады, - деді А.Нұрманов.

Сәуле МАҒАУ

Фото ru.freepik.com