Атырауда күдіктіден 71 киік мүйізі тәркіленді

Атырау облысы полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Браконьер-2024» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде киік мүйіздерінің ірі партиясын тәркіледі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Полицейлер қала аумағындағы ойын-сауық орталығының жанында күдік тудырған маркасы Toyota Highlander автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісін тоқтатты. Тексеру барысында автокөлік салонынан пакетке салынған 71 дана киік мүйіздері анықталды.

Аталған дерек негізінде , киікті заңсыз қолға түсіру, жою, сол сияқты заңсыз қолға түсірілген киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялануға жатпайды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ