Сот жануарға қатыгездікпен қарағаны үшін екі сотталушының бас бостандығын шектеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жануарға оның өліміне алып келген қатыгездікпен қарау болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылық жасаған екі айыпталушыға (олардың біреуі кәмелет жасына толмаған) қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-тің 316-бабының 3-бөлігінің 2), 5) тармақтары). Бұл туралы Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлім етті.
2024 жылдың жаз айында сотталушылар өзара сөз байласу арқылы көшеден ит жануарын ұстап алып, оны бағанаға байлаған. Сотталушының бірі иттің үстіне жанар-жағар май құйып, өртеген, ал екіншісі ит жануарын темірмен бірнеше рет ұрып, нәтижесінде жануардың өліміне әкеп соққан. Сотталушылардың кінәлары куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен толық өз дәлелін тапты.
Прокурор сотталушыларға жарты жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар кінәларын толық мойындап, әрекеттеріне өкініп, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
ҚК-тің 316-бабының 3-бөлігінің 2) тармағының санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 2 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Істі қарау барысында сотпен сотталушыларға қатысты тағылған айыптан «жария түрде немесе масс-медианы, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып жасауы» - саралау белгісі дәлелденбеуіне байланысты алынып тасталды. Сотталушылар ҚК-тің 316-бабының 3-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылды. Сотталушылардың жазасын жеңілдететін мән-жайлар - шын жүректен өкінуі, жастығы және бұрын сотты болмағандары, сондай-ақ жазасын ауырлататын мән-жайлардың жоқтығы ескеріле отырып, оларға 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ