Биылғы жарты жылдық қорытындыға сәйкес «Сауда қызметін реттеу туралы» Заң талаптарын бұзған 51 кәсіпкерлік субъектіге жоспардан тыс тексеріс ашылып, 46 кәсіпкерлік субъектіге шара қолданылды. Атап айтсақ, 16 ескерту, 30 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 2 млн 817 мың 691 теңгені құрады. Бұл туралы Атырау облысының сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Еркебұлан Тағашев мәлім етті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Е.Тағашевтің айтуынша, департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуін алдын алу мен тұрақтандыру мақсатында мониторингтік топ мүшелерімен бірге барлық ішкі сауда объектілеріне апта сайын түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді.
-Биылғы мамырда Атырау облысының әкімдігі өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларының мөлшерін бекітті. Тұтынушылардың арызына сәйкес, қаладағы Анвар, Марко, Ярмарка, «Маша Фрут» ЖШС-не, Құлсары қаласындағы «Идеал» супермаркетіне және «Ілиясоваға Г.Б.» жеке кәсіпкерлігіне «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 202-бабына сәйкес шара қолданылды. Яғни олар төтенше жағдайлар кезінде белгіленген тауарларды шекті бағадан асырып сатқан,- деді Е.Тағашев.
Сондай-ақ, облыс бойынша жыл басынан бері департаментке 424 арыз келіп түскен. Оның ішінде 230 арызы қанағаттандырылса, 82 арыз иесіне сотқа шағымдану қажеттілігі жөнінде жазбаша түсінік берілді. Ал 84 арыз тиісті мемлекеттік органдарға қайта жолданып, 8 арыз өтініш иесімен кері қайтарылып алынса, 20 арыз қаралу үстінде.
Тұтынушылар арызын қарау барысында 12 жоспардан тыс тексеріс өтті. Нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 10 ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Сонымен қатар, департаменттің нұсқамасын орындамағаны үшін Атырау қалалық мамандандырылған сотының қаулысымен «Мечта Маркет» ЖШС-ға 1 млн 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Фото: ru.freepik.com