Атырауда 143 келіге жуық есірткі тәркіленді

Биыл өңірде заңсыз айналымнан 143 келіге жуық әртүрлі есірткі заттары тәркіленді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері облыста есірткіге қарсы құқықбұзушылықтың 120 дерегі және 35 есірткі тасмалдаушы анықталды, оның 5-уі әйел адам болса, 1-уі кәмелетке толмаған жасөспірім. Бұл туралы Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Роман Ермұханов бспасөз брифингінде мәлім етті. 

- Өңірде шамамен 500-ден астам нашақор тіркелген. Оның 22-сі әйел. Есірткі тұтынушылардың басым бөлігі - жастар. Бұл бағытта тиімді күрес жүргізу үшін барлық құзырлы органдармен бірлескен жұмысты жандандыруымыз қажет деп есептеймін. Әсіресе профилактикаға назар аудару керек. Осыған байланысты облыс аумағында құзырлы органдармен бірлесіп тұрақты негізде есірткі құралдарының транзитін болдырмауға және анықтауға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүргізіледі, - деді Р.Ермұханов.

Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Марьяна Жанғалиеваның айтуынша, полицияның міндеті күндіз-түні қылмыспен күресу, алдын алу, қоғамдық қауісіздікті қамтамасыз ету.

- ПД тарапынан үкіметтік емес ұйым өкілдері, еріктілер, қоғам белсенділері, спортшылар және т.б. құзырлы органдардың қатысуымен профилактикалық жұмыстар қарқынды өтуде. Бүгінде халықты нашақорлықтың таралу қауіпі туралы хабардар ету, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдарын түсіндіру мақсатында 500-ге жуық іс-шара өтті, - деді М.Жанғалиева.

Фото: ru.freepik.com