ҚР Мәжіліс депутаты Қ. Сұлтанов: «Шекарамызды бекітіп, есігімізді жауып алсақ, біз ешқашан дами алмаймыз» (ВИДЕО)

ATPress. 5 мамыр. Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінде «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің қабылдануы және оны халыққа түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған брифингте, ҚР Мәжіліс депутаты Қ. Сұлтанов Жер кодексіне қатысты қойылған сауалға осылай жауап

- Бұл заң жан-жақты сараланып, сарапталып барып қабылданды. Сондықтан, барлығы кетіп жатыр, таралып жатыр деуге еш негіз жоқ. Заңда біріншіден, ешқандай шетелдікке жер сатылмайды деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Екіншіден жерді жалға беру туралы ғана айтылған. Алғашында 10, кейін 25 жыл мерзімге. Бұл әлемдік тәжірибе. Біз дүниежүзілік қоғамдастыққа кірген мемлекетпіз. Шекарамызды бекітіп тастап, есігімізді жауып алсақ, біз ешқашан дами алмаймыз, - деді ол.

Экономикалық даму мемлекет үшін аса маңызды екені ертеден белгілі, дей келе ол өз сөзін:

- Қазақстан жерінен Ұлы Жібек жолының өте бастағанына 2000 жылдан асты, білесіздер. Бұл өткел әртүрлі көпестер мен саудагерлердің қарым-қатынастары, тауар алмасу жүйесінің бір ретке келуі, қала берді Ұлы Жібек жолы дипломатиялық қарым-қатынастары жоқ елдердің арасында сауда-саттық қатынастары болғаны, тарихтан белгілі. Сол сияқты қазіргі таңда тек дипломатиялық қатынас емес, сондай-ақ басқа елдермен білім мен ғылым, жаңа технологиялар жүйесімен алмасып отырған жөн, - деп жалғастырды.

Қортындылай келе депутат ҚР Жер кодексіне, жалға беру мерзімінің 10 жылдан 25 жылға ұзартылу өзгерісі не себепті енгізілгенін айтты.

- Жалға беру мерзімінің 10 жылдан 25 жылға ұзартылуына не себеп болды? Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, инвесторға  жұмсаған қаражатын өтеп алу үшін, 10 жыл жеткіліксіз. Яғни ол бізге келмейді деген сөз. Қандай инвестор болса да, ол бірінші кезекте өз пайдасын ойлайды. Бұл табиғи заңдылық. Ал біздің көретін пайдамыз, жердің игерілуі, ел экономикасына инвестицияның құйылуы, - деп аяқтады өз сөзін, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов.

 

Даурен Бекбол