Жөндеу орталығында қару дайындаумен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті

"Маңғыстау облысына қарасты Жаңаөзен қаласында қару дайындаумен және сатумен айналысатын қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты" деп хабарлайды ATPress.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап. Жаңаөзен аудандық сотының шешімімен «Б» және «Н» есімді жергілікті тұрғындар 5 және 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Еске сала кетелік, 2022 жылдың наурыз айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысы бойынша департаменті Жаңаөзен қаласында қару-жарақ дайындайтын жасырын цехты жою бойынша арнайы операция жүргізген болатын. Қылмыскерлер техникалық жөндеу орталығында қаруларды жауынгерлік қаруға айналдырумен айналысып келген. Қылмыстық бизнестері қарқынды жүрген топтың әлеуметтік желілерде кең таралған клиенттік базасы болған. Операция барысында 4 жауынгерлік «Калашников» автоматы, өздігінен оқталатын 1 «Симонов» карабині және 48 оқ-дәрі тәркіленді.