Атырауда Теңіз кен орнындағы оқиға және зардап шеккендердің жағдайы туралы баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды ATPress.kz.
- Бұл бәрімізге ауыр тиді. Марқұмдардың отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Бұндай оқиға мекемеде бірінші рет орын алып отыр. Қандай себеп болғанын дәл қазір анық айта алмаймыз. Бәрі тексеріс нәтижесінде белгілі болады, - деді "Сенімді құрылыс" компаниясының өндірістік қатынас жөніндегі менеджері Гүлмира Батпанова.
- Екі адам қаза тапты. Бірі оқиға орнында, екіншісі ТШО емханасында көз жұмды. Жарақаттанғандардың бірі екі сағаттың ішінде жедел облыстық ауруханаға жеткізіліп, зақымдалған ішкі құрылысына ота жасалды. Атап айтқанда, бауыр, бүйрекке тігу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, науқастың өт жолдарының үзілгені белгілі болды. Омыртқасы сынып, қабырғаларына да зақым келген, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев. Оның айтуынша, 1 науқас қазіргі уақытта ауыр халде, жансақтау бөлімінде бақылауда. Қалғандарының жағдайы жақсы.
Компания өкілінің мәліметінше, екі марқұмның несиесі мен отбасы жағдайы, балаларының оқу ақысын мекеме өз мойнына алған.
Айта кетейік, 6 шілде күні «Сенімді құрылыс» мердiргер Ұйымы мен оның қосалқы ұйымдары қызметкерлерінің құрылыс алаңында атқарған гидравликалық сынау кезінде қысымның түсуі орын алып, нәтижесінде мердiгер ұйымының үш қызметкері жарақат алып, екеуі қаза тапқан болатын.