«Жайықтың жампоз жыраулары» байқауы өтуде

Бүгін облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының ұйымдастыруымен «Жайықтың жампоз жыраулары» атты облыстық  жыршы-термешілер байқауы басталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Іс-шара замана сырын, өз дәуірінің елеулі оқиғаларын шынайы бейнелеген өңірдің дүлдүл жыраулары мен төкпе ақындары мұрасын келешек ұрпаққа насихаттап, жыр-терме айту өнерін кеңінен дәріптеу мақсатында өткізіліп отыр. Сонымен қатар талантты жастардың шеберліктерін шыңдап, халық алдында жан-жақты танылуына мүмкіндік жасау, ұлтжандылыққа тәрбиелеу көзделген.

Мәдени шарада Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының басшысы Хамиль Сүйекбаев байқау мақсатына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Бәріміз білетіндей, өңірімізде ел басына күн туған екіталай кезеңде қилы-қилы қиындықты кешіп, өмір сынынан өтіп, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған, халық арасына жырлары кең тараған көптеген ақындар мен аты әйгілі сөз зергерлері өткен. Сол заманда елдің ауызбіршілігін, тәуелсіздігін аңсаған бабаларымыздың мұраларын бүгінгі өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап, есімдерін ұлағаттау мақсатында осы байқау өткізілуде. Сайыстың өтуіне мұрындық болып, белсене атсалысқан барша жандарға алғысымды білдіремін. Қазақта: «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген ұғым бар. Бүгінгі сайысқа қатысушы жастарға бақтарыңыз бен баптарыңыз қоса шапсын деген ниеттемін. Баршаңызға сәттілік серік болсын! – деді Х.Сүйекбаев.