Жылдағы дәстүр бойынша аудан әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңажылдық шыршасы биыл Жаңаталап ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Мерекелік шараға 50-ге тарта мектеп оқушылары қатысты. Әсерлі қойылыммен өріліп, түрлі сый-сияпаттар ұсынылатын шыршатой биыл да ерекше мағынада ұйымдастырылды. Көңілді кеште Аяз ата, Ақша қар мен Қыс ханшайымы сынды баршамызға таныс ертегілік кейіпкерлер мен сайқымазақтар жиналғандардың көңілін серпілтті. Шырша тойы әдемі музыкалық композициямен жалғасып, думанға айналды. Сахна төрінде әсем әндер айтылып, көз тартар көрініске толы қойылымдар қойылды. Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған бүлдіршіндер ән-жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салды.
Балалардың қуанышына аудан әкімі Абат Жанғалиев те ортақтасып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Бұндай шыршатойды өткізуге бірнеше жылдан бері демеушілік жасап жүрген «Каспий Құбыр Концорциумы» АҚ ұжымынан өкілі қатысып, акционерлік қоғам директоры атынан бүлдіршіндерге арнап киім-кешек, жаңа жылдық сыйлықтар үлестірді. Өз кезегінде аудан басшысы демеушілік көрсеткен «Каспий Құбыр Концорциумы» АҚ-на ризашылығын білдіріп, Алғыс хатын ұсынды.
Мерекелік шара барысында балалар шыршаны айналып, ән салып, оларға арнайы сыйлықтар мен тәттілер үлестірілді.