Мектеп оқушылары журналистік жүлдені иеленді

ATPress.kz. 7 желтоқсан. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы басым бағыттар мен міндеттерді насихаттау мақсатында «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі облыс көлемінде «Туған жер» этно-мәдени жобасын ұйымдастырған

Осы этно-мәдени іс-шаралар кешені аясында мектеп оқушылары арасында «Ғажайып өлке» атты облыстық шығармалар байқауы өткізіліп, оған барлығы 314 талапкер қатысқан еді. Болашақта тілші атанғысы келетін осы талапкерлердің арасынан аудандар бойынша 28, қала көлемінде 12, барлығы 40 жеңімпаз анықталып, олар мұнайлы өңірде тұңғыш рет өткізіліп отырған «Өрімтал» жас тілшілер фестиваліне жолдама алған-ды. 

Осы фестивальде Махамбет ауданының атынан жолдама алған қатысушылар да жеңімпаз атанып, арнайы жүлделерге ие болды. Атап айтар болсақ, Алмалы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Назгүл Сәйпен «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты «Ана тілі» газетінің Сабыржан Шүкіров атындағы арнайы жүлдесіне ие болса, Ақтоғай орта мектебінің 10 сынып оқушысы Аяжан Аманжол республикалық «Жас өрен» серіктестігінің Қадыр Мырза Әлі атындағы  жүлдесінің иегері атанды. Ал Д. Төленов атындағы мектеп-гимназияның 8 сынып оқушысы Нұрайна Наурызова республикалық «Балдырған» журналының Бердібек Соқпақбаев атындағы жүлдесін қанжығасына байласа, О. Шонаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Ақмарал Есенжанова республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің Сәкен Жүнісов атындағы жүлдесіне лайық деп танылды. Осындай шығармашылыққа бет бұрған өнерлі өрендерді қабылдаған аудан әкімінің орынбасары Ұ. Тналиев оларға аудан әкімі атынан алғыс хат табыстады.

 

Фамиля Қожанова,

Махамбет ауданы