Күн энергиясымен жүретін көліктер – «Нұр Әлем» павильонында

ATPress.kz. 15 шілде. «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі қазақстандық «Нұр Әлем» павильонында күн энергиясымен жүретін көліктер қойылған. Маңыздылығы сол, қазіргі таңда күннен қуат алатын темір тұлпарларды тізгіндеу «арман» болғанымен, болашақ ұрпақ үшін қажеттілі

Төбесінде күн панелі, ортасында күн батареясы орналасқан мұндай көліктердің бірі – «Стелло» деп аталады (1 сурет). 2013 жылы Нидерланды елінде құрастырылған күн-көліктің жалпы ұзындығы төрт метр, ені бір метрден асады. Ол «күн сәулесімен жүретін әлемдегі алғашқы отбасылық көлік» саналады. Төрт адамға шақталған темір тұлпар сағатына 130 шақырымды бағындыруға қауқарлы. Ал, жаңбырлы және түн мезгілінде энергиялық қуаты 700 шақырымға дейін жетеді. 

Жанар-жағармайсыз жүретін көліктердің қатарында «Бо Круизер» атты неміс машинасы да (2 сурет) орналасқан. Бір адамға арналған көлік сағатына 120 шақырымды бағындырады. Салмағы – 280 келі. Күн сәулесі болмаған күндері жинақ энергиясы 500 шақырымға дейін жетеді деп жоспарланған. Жалпы, бірегей неміс көлігі алюминий материалынан құрастырылыпты.       

Ал, күн энергиясынан қуат алатын ұшақ туралы естіп пе едіңіз? Мұндай әуе көлігін Швейцария мемлекеті жасап шығарған. «Солар Импульс» атты екі адамдық ұшақ (3 сурет) 40 шақырымға дейін жарықтың көмегімен самғай алады. Мұнда 17 мың күн панелі орналасқан. «Қолданысқа енер болса, шаруашылық мақсатына қолдануға әбден ыңғайлы әрі тиімді», - дейді көрме мамандары.

Ең бастысы, бұл көліктердің қай-қайсысы да экология үшін оңтайлы. Ал, Қазақстан «баламалы энергияға» негізделген мұндай жобаларға ерекше маңыз берері сөзсіз.  

 

Айдос Қарабала

Фото Әнуар Әбілғазиевтікі