Құрманғазыда округтердің шежіре кітаптары дайындалуда

Аудандық мұражайда «Өренді өлкетанушы» клубының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Клуб мүшелері мен ауылдық округ әкімдері қатысқан бұл жиында ауылдық округтердің тарихи-танымдық шежіре кітабын шығару мәселесі тағы бір рет талқыға салынып, пысықталды. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті.

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы, академик-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев ашып:

– Округтердің шежіре кітабын шығарудағы мақсатымыз – оның бүгінгі тыныс-тіршілігін, салт-дәстүрін келер ұрпаққа жеткізу. Өткенде бұл тақырыпқа қатысты бірінші мәжілісімізді өткіздік. Сонда сіздерге шыққалы отырған кітаптың үлгілік жобасын бердік. Ол сеңдей қатып қалған нәрсе емес. Қалай етіп жазуды жергілікті жерде өздеріңіз қарайсыздар. Бұл кітапты шығарудан халық сырт қалмауы керек. Мұны әрбір жиналыста, қонақтықта айтып жүріңіздер, тұрғындар хабардар болсын. Шежіре кітап – бір адамның емес, бір елдің өмірін баяндау. Осылай ету арқылы біз әлемдік дамуда қазақты көтереміз. Соның бастауында болуымыз керек. Бүгінгі істеп жатқан жұмысымыз – ертеңгі күннің байлығы. Бір-екі ғасырдан кейін жас ұрпақ ел тарихын осы кітаптар арқылы біледі. Соны жақсы түсінген біздің аудан, ауылдық округ басшылары, өлкетанушылар кірісіп кетіп жатыр, – деді.

Ұсыныс-пікірлер тыңдалғаннан кейін аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов:

– Өскелең ұрпаққа мұра болып қалатын кітапты жазу оңай нәрсе емес. Оның қасында бір қарапайым хатты жазу да үлкен ұқыптылықты талап етеді. Жаңа сіздерді тыңдап үлкен жұмыс атқарып жатқандарыңызға қызыға қарап отырмын. 19 округтің шежіре кітабы дайындалғаннан кейін сүзгіден өткізіп, редакциялау қажет. Біреулері жақсы, екіншілері ондай жағдайда болмауы мүмкін. Бәрі бір деңгейде шыққаны жақсы. Құрастырушылар бір-бірлеріне көрсетіп алғаны дұрыс. Ауылдық округтердің шежіре кітабы республика бойынша алғаш рет біздің ауданымызда қолға алынғаны бәріміз үшін қуаныш,– деп, бастаған істеріңіз аяғына дейін жетсін деген ізгі тілегін білдірді.

«Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиұлының шежіре кітапты дайындау үшін аудан басшылығы арқылы округ әкімдері, кітаптардың редакторлары, өлкетанушыларды қатыстырып семинар ұйымдастыру жайлы айтылған ұсынысын қолдады.