С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде ақын-журналист, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, басқа да бірнеше марапат-атақтардың иегері Таңатар Дәреловтің мерейлі 70 жасына арналған тағылымды мәдени шара өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Шара алдында мерейгердің бір топ замандастары, сыйлас інілері атынан сөз алған Бибоз Шаяхметов, Қамат Ғаббасов, Сабыржан Сұлтановтар ат мінгізіп, иығына шапан жапты.
Негізгі салтанат ақынның жырларынан құралған әдеби көркемсөз композициямен ашылып, марқұм досы, қазақтың классик жазушысы, драматург Рахымжан Отарбаевтың мерейгердің 60 жастық тойында сөйлеген сөзімен жалғасты. Сонымен бірге, кеш иесінің өмір жолынан кең мағлұмат беретін бейнефильм тамашаланды.
Өз кезегінде аудан әкімі Абат Жанғалиев құттықтау тілегін арнап, мерейгердің өңіріне Махамбеттің 220 жылдығына арналған «Дауылпаз» медалін қадады. Содан соң қазақи ізетпен Таңатар Дәрелұлы мен зайыбы Зоя Қонқашқызына ілтипатын білдіріп, құрметін көрсетті.
Кеш барысында аудандық орталық кітапхананың оқырмандарды қамту бөлімінің меңгерушісі Людмила Рахметова ақынның жақында ғана баспадан шыққан төрт бірдей «Жеткен ойы жетпістің», «Туған елді сүйіп өс», «Көк туың еншің – көк буын» және «Азаттық аспан кергенде» атты жыр жинақтарына шолу жасады.
– Ақынның «Көк туың еншің – көк буын» кітабының алғысөзінде жерлесіміз, «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес былайша пікір білдіреді. «Ақын!.. Ауылда тұрып күллі адамзаттың жан жарасына жүрегі күйген; қарапайым ғана тірлік кешіп, оңаша кештерде қиялымен көкке самғап, таң ата, күн шыға қалыпты тіршілікке оралатын; өзіне өлең-өнерден ерек бір әлем-кеңістік жасап алған; қақ-соқпен ісі жоқ, ешкімге ақылсынып, жөн-жосық айтпайтын; жоққа жүгірмей, барды қанағат тұтқан; әдетте бойын жасырып, көптің біріндей көрінетін, әйтсе де арқасы бар айдынды Ақын... Жүзден жүйрік, мыңнан дара шыққан әрбір қазақ – халық қазынасы. Өзгелерден сөзі ұзын біз үшін ақын-жыраулар қашанда ұлт тамыршысы, қоғамның компасы. Ақын болып жаралған соң мына жалған, жылтырақ өмірде таяқтың екі ұшындай қос ғұмыр кешпек керек: талантымен абыройға бөленсе, өлең-өнердің азабын да бастан кешірмек. Аласапыран заманда, қарбалас тірлікте таразының екі басын тең ұстау – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейді. Асыл адам айнымас, таланттың тауы шағылмас. Таңатар ағамыз өзі салған сүре соқпағын кең даңғылға айналдырып, асықпай, алқынбай асудан асуға асып, жолын тапқан дарабоз. Үнемі елдің сөзін сөйлейді: барына қуанады, итжығысының өзін жеңіске балайды. Шылбыр-тізгінді әкім ұстағанымен, қашанда ел жадында, көптің көкірегінде Ақын ғана қонақтап қалмақ...» деп шығармашылығына өз бағасын береді.
Келесі кезектерде кітаптардың тұсаукесер рәсімі жасалды. «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспасынан шыққан «Жеткен ойы жетпістің» кітабының лентасын қию құрметіне академика-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы, аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Гүлжанат Қалиева ие болды.
«Үш қиян» баспасынан шыққан «Туған елді сүйіп өс» кітабының тұсауын кесу танымал ақын қыздарымыз, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының хатшысы Әлия Дәулетбаеваға, бірнеше жыр мүшәйраларының жеңімпазы Бақытгүл Бабашқа бұйырды. «Арыс» баспасынан шыққан «Көк туың еншің – көк буын» және «Азаттық аспан кергенде» атты жыр жинақтарының тұсаукесерін «Дендер» газетінің бас редакторы, облыстық бас редакторлар клубының төрағасы Жанай Амантурлин, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының директоры Алма Қалусариева, «Сарайшық» журалының бас редакторы, ақын Гүлзада Ниетқалиева, Қазақстан ұлттық арнасы облыстық филиалы басшысының орынбасары Балауса Халелова мен «Атырау» газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев жасады. Сахна төріне көтерілгендер мерейгердің атына ыстық лебіздерін білдіріп, сый-құрметін көрсетті.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов та тілек алаңына шығып, азаматтық келбетімен ерекшеленген ақынға сөз арнады.