Ғасыр таланты Рахымжан Отарбаев өмірден озды

ATPress.kz. 17 ақпан. Қазақ даласы ауыр қазаға ұшырады. Бүгін түнде шығармашылық әлемі дүние жүзіне мәшһүр болған драматург Рахымжан Отарбаевтың алып жүрегі мәңгілікке тоқтады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері Рахымжан Отарбаев қайталанбас туындылардың авторы саналады. Қазақтың қара сөзінің киесін паш еткен Рахымжан Отарбаев әлемді мойындатқан асқақ жазушы, талантты драматург. 

Жазушының әр жылдары «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Отверженный мир» атты прозалық жинақтары және таңдамалы шығармаларының екі томдығы жарық көрген. Қытайдың «Ұлттар» баспасынан қытай, қазақ тілінде екі томдығы, Ресейдің «Художественная литература» баспасынан орыс тілінде бір томдығы және қырғыз тілінде кітаптары шығарылып, Қазақстан сыртындағы оқырмандарға тарады. Жекелеген шығармалары түрік, араб, ағылшын тілдеріне де басылды. Ғасырда бір рет туатын хас таланттың «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұржауған-ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары республикалық және шетел театрларында сахналанды.

1956 жылдың 19 қазанында Атырау облысы Құрманғазы ауданында туған жазушы, драматург әр жылдары «Қазақ» телерадио комитетінде редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жалын» альманахында бөлім меңгерушісі, Қырғызстан Республикасында Қазақстан елшілігінің атташесі, ҚР Президенті Әкімшілігінде сектор меңгерушісі сынды лауазымды қызметтерде болды. Өмірінің соңына дейін Атырау облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. 

Қаралы қазаға байланысты жазушының отбасына, күллі қазақ даласына көңіл айтамыз.

 

Бек Әзберген

Сурет: adebiportal.kz