Бас қаланың зияткер оқушылары Атырауда экспедиция жүргізуде /ФОТО

АTPress.kz. 15 маусым. Атырауға Астана, Өскемен қалаларынан келген зияткер оқушылар мұнайлы өлкеде бір аптаға жоспарланған «Туған елге тағзым» атты өлкетану экспедициясын бастады.

Аталмыш жобаға  еліміздің қос қаласынан отызға жуық оқушы қатысуда. Олар жыл бойы түрлі пәндік олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда жүлделі орын алған және мектептің қоғамдық өміріне тұрақты араласқан үздік оқушылар. Дарынды жастар апта бойы Атырау облысының тарихы мен мәдениетін, экономикалық серпіні мен өзекті проблемаларын жан-жақты зерделейтін болады. Қонақтарды атыраулық зияткерлер Атырау вокзалының алдында салтанатты жағдайда күтіп алып, құрмет көрсетті. Шараның ресми ашылу рәсімінде Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтбөкешев жобаның мәні мен мазмұнын түсіндіріп өтті.

Жоба қатысушылары өз экспедицияларын әуелі Хан Ордалы Сарайшық қаласымен танысудан бастады. Күннің алғашқы жартысында зияткерлер Махамбет ауданындағы Сарайшық мемориалына аттанып, қазақтың жеті ханы жерленген киелі мекеннің тарихымен танысты. Бұдан соң Алаш қайраткері, Халел Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетінде болып, батыс өңіріндегі Алаш қозғалысына белсенді қатысқан азаматтар туралы дәрістер тыңдады.

- Бұрын мен Атырау дегенде бұл аймақты тек мұнай-газ саласындағы жетістіктерге ғана бай деп ойлайтынмын. Алайда қалада болған алғашқы күннің өзінде бұл қаланы тарих пен мәдениетке де бай, әсем шаһар ретінде таныдым. Жоба аясында алған білімімді өзімнің зерттеулерімде қолданып, шығысқа барғанда да достарым мен бауырларыма бөлісетін боламын. Мен арқылы олар Атырауды жаңа қырынан таниды деп сенемін, - дейді жобаға қатысушы Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Алтынай Алмабекова

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Туған елге тағзым» жобасы 19 маусым күні аяқталады деп жоспарланған. Оның қорытындысы ретінде астаналық және өскемендік оқушылар Өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен кездесу өткізеді.  

 

Мереке Асанова