ATPress.kz. 5 желтоқсан. Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен және облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Конферансье-2017» ІІ облыстық жүргізушілер байқауы болып өтті.
Байқау сахна және сөйлеу мәдениеті, дауыс ырғағы, екпін белгісінің, мәтін мәнерлерінің дұрыс айтылуы, қазылар алқасы тарапынан билет суыру арқылы импровизация немесе ситуациялық сұрақтар, ресми шаралар, тақырыптық кештер немесе телевизиялық бағыттағы әр түрлі шаралар туралы бір сценарийдің басталуы, шарықтау кезеңі, аяқталуы, орындалуы сынды үш кезеңнен тұрды. Осындай жоғары деңгейдегі байқауда Қызылқоғаның намысын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Айкөркем Тайлыбекова қорғады. Үш кезеңнен сүрінбей өткен Айкөркем ІІ орынды және лауреат атағын иемденді.
Мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру жұмысында әр түрлі бағыттағы мәдени шараларды, бағдарламаларды, тақырыптық кештерді жүргізуде және де ойын-сауық шараларын өткізудегі ұйымдастырушы, режиссер және қоюшылар мен қатысушылар арасында іскерлік, шығармашылық байланыс қалыптастыру бағытындағы қабілеттерін ерекше көрсете білген Айкөркемге шығармашылық табыс тілейміз.
Нұрсәуле Жауынбаева