ATPress.kz. 3 наурыз. Еуропаны мойындатқан Әміре туралы фильмнің трейлері жарыққа шықты.
Әміре Қашаубаевтың өмір жолына арналған көркем фильм 2018 жылы 5 сәуірде ұлттық прокатқа шығады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» агенттігі. Халықаралық түсірілім тобының құрамында америкалық қоюшы-режиссер Джеф Веспа, әйгілі «9 рота», «Сталинград» фильмдерін түсірген оператор Максим Осадчий де бар.
Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре) және Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдаған фильмнің сценарийін Бенжамин А. ван дер Вин жазған.
«Біз замандастарымызға Әміре Қашаубаевтың қиын өмір жолын және фильмде шырқалатын оның дауысын естуге мүмкіндік бергіміз келеді. Әмірені жақын танып, ұлттық дәстүрлі өнермен етене танысқан отандастарымыздың бойында мақтаныш сезімі оянады деп сенемін. Өйткені, біздің музыка мәдениетін қалыптастырған осындай адамдар, есімдер біздің тарихымызда қалуға тиісті. Әлем кинематографиясында музыка драмасы жанрында түсірілген фильмдер көп емес. Сондықтан, отандық көрермендерге бұл жанрдағы картинаны көріп, өткен ғасырдың 30-жылдарына саяхат жасау қызықты болуға тиісті деп ойлаймын. Бұл Қазақстан кинематографиясын жаңа сатыға көтеруге бағытталған бірегей картина болмақ. Отандық көрермендер жоғары деңгейде бағалайды деп үміттенемін», - дейді картинаның бас продюсері, DAR компаниясының негізін қалаушы Әлидар Өтемұратов.
Айта кетелік, кинотуынды қазақтың тенор дауысты күміскөмей әншісі Әміре Қашаубаевтың (1888-1934 жж.) қамшының сабындай ғана қысқа да, жарқын ғұмырын баяндайды. Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен бүкіләлемдік музыкалық байқауда Еуропа көрермендеріне қазақтың дәстүрлі әншілік өнері мен қара домбырасын танытып, сол кездегі КСРО делегациясының арасынан екінші орынды және күміс медальді иеленген болатын.
Бек Әзберген