Атырауда соңғы үлгідегі көркемөнер туындылары қойылған көрме ашылды

ATPress.kz. 3 наурыз. Атырауда өнер көрмесі салтанатты жағдайда ашылды. «Руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатқан «Өткен мен болашақтың ортасы» атты көрме 10 күнге созылады.

Ш. Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде басталған шеберлер көрмесінің ашылу салтанатында Н. Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының түлектері, бүгінде бірі ұстаз, бірі жеке кәсібі бар Мейірбек Жағыпашов, Қайрат Шапабаев, Мирас Джангужиев және Асылбек Бақтияр сынды шеберлер өз еңбектерін таныстырды, деп xабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі. 

«Бұл Атыраудағы алғашқы көрмеміз. Елге аз да болса пайдамыз тисін деген ниетте еңбек етіп келеміз. Негізінен, әр қазақтың баласы, елдің азаматы өз саласында мықты болып, ата кәсіпті меңгерсе елдің еңсесі биік болуына қосқан үлесі зор болады деп ойлаймын», - дейді зергер Қайрат Шапабаев.

Көркемөнер туындыларының соңғы үлгілері қойылған көрмеде мүсін, зергерлік әшекей бұйымдар, графикалық кескіндемелер мен 3D MAX дизайнерлік жобаларымен танысуға мүмкіндік бар. 

Көрме 12 наурызға дейін жалғасады.

 

Бек Әзберген