Атырауда Сарайшық тақырыбына мультсериал түсірілді

ATPress.kz. 1 ақпан. Атырауда «Сарайшыққа саяхат» мультипликациялық фильмі көрерменге жол тартты.

«Атырау облысы әкімдігінің тапсырмасымен жасақталған мультипликациялық фильм тұсаукесеріне 400-ге жуық бастауыш сынып оқушылары қатысты», - деп xабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Он бөлімнен тұратын мультфильмде балалардың Сарайшық қаласына саяxаты көрсетіледі. Мультфильмді кеше алғаш болып Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде 8 мектептің бастауыш сынып оқушылары тамашалады. Жобаны дайындаған «Q-Daily» медиа-орталығы мульфильмді небары екі ай көлемінде құрастырып үлгерген. 

- «Сарайшыққа саяхат» жаңа технологиямен жасалған Қазақстандағы алғашқы мультипликациялық фильм. Және бір ерекшелігі, сценарий құру кезінде Сарайшық қаласында зерттеу жұмыстары жүргізілді, әрі, ғалымдармен өзара кеңес құрдық. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, отандық туынды жасау мақсатында 20-дан аса адам жұмыс жасады. Кішкене көрермендер оң бағасын береді деген үміттеміз, - дейді жоба продюсері Азамат Атагелдиев.

Айта кетелік, «Сарайшыққа саяхат» мультфильмі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес киелі орындарды насихаттау, ғалымдардың зерттеулерін өскелең ұрпақтың жадында сақтау мақсатында дайындалды. 

Бек Әзберген