ATPress.kz. 23 желтоқсан. «Атырауда Президент шыршасы жағылды», - деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мерекелік шараға 9-13 жас аралығындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылық және қоғамдық өмірде табысқа жеткен дарынды балалар қатысты. Барлығы 850 бала қамтылған мерекелік шараның басты тосын сыйы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балаларға арналған жаңа жылдық құттықтауының бейнетаспа арқылы көрсетілуі болды.
Айтулы кешке облыс әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы қатысып, кішкене меймандарға жылы тілегін жолдады. «Бүгінгі күні облысымызда 116 мың оқушы білім алуда. Сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалған, мектептер мен балабақшаларда заманауи теxнологиялар, теxникалық жабдықтар қолданылуда. Сіздердің міндеттеріңіз ата-аналарың, әжелерің мен аталарыңның артқан үмітін ақтау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану» деп атап өткен Нұрлан Асқарұлы балаларға табысты болашақ тіледі.
Мерекелік кеш барысында балаларға ертегі әлемінің кейіпкерлері қойылым көрсетіп, түрлі қызықты ойындар ойнатты. Кеш соңында балалардың әрқайсысына Президент атынан қысқы киім, аяқ киім, спорттық киім, оқу құралдары және тәтті сыйлықтар табысталды.
Бек Әзберген