Атырау облысының әкімдігі мен «Голдбридж халықаралық компаниясы» ЖШС қант шығару жобасы туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев «Голдбридж халықаралық компаниясы» ЖШС басшысы Лина Тайкенмен жүздесіп, келешекте Атырау қаласында жылдық қуаты 144 мың тонна болатын қант зауытын салу жобасын талқылады. Компания басшысының айтуынша, бұл жобаны өңірде жүзеге асыру үшін жыл жарым уақыт жұмсалмақ.
Еске сала кетейік, облыс әкімі Серік Шәпкенов «Голдбридж халықаралық компаниясы» ЖШС басшылығымен кездескен болатын. Жиында тараптар Атырау облысында қант шығару жобасын талқылады.
- Бұл бізге керек әрі тиімді жоба. Атыраудың жері қызылша өсіруге қолайлы. Ауыл шаруашылығының әлеуетін пайдаланып, ішкі нарықты өз өнімімізбен қамтамасыз етіп, аграрлық секторды жандандыруға нақты жол ашамыз деп сенемін. Өз тарапымыздан инфрақұрылыммен қамтуға дайынбыз, - деді С.Шәпкенов.
Сәуле МАҒАУ