Жылыойлық жастар тегін оқытылуда

Жылыой ауданына қарасты ауылдардың жастары қазіргі заман талабына сай мамандықтарға тегін оқытылады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен білдік. Алғашқы оқу бағдарламасы Ақкиізтоғай ауылынан басталды. Мұнда 38 жас тұрғын таргет+SMM, копирайтинг және графика дизайны секілді мамандықтарға үйретілуде. Оларды бірнеше жылдық тәжірибесі бар сарапшы тренерлер, бренд дизайнерлер оқытып жатыр. 

Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Әлібек Амандықтың айтуынша, тегін оқыту курстарына 18-35 жас аралығындағы Жылыой ауданына қарасты ауылдық округ тұрғындары қатыса алады.

- Курстар кезең-кезеңімен әр ауылда өткізілетін болады. Оқыту жұмыстары аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жаңаша» қоғамдық қорының «Шектелме» жобасы аясында «Теңізшевройл» мекемесінің қолдауымен жүзеге асуда,- деді Ә.Амандық. 

Оның айтуынша, мамыр айындағы оқыту курстары Тұрғызба ауылының жастарына өткізілмек. Курсқа тіркелу үшін 8702-820-89-20, 8707-810-84-22 нөмірлеріне хабарласуға болады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ