Үздік түлектер мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындалады

«Мемлекеттік қызмет туралы» заңға қажетті түзетулер енгізілді.

ҚР Президентінің мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою туралы тапсырмасына сәйкес Агенттікпен жаңа тәсілдер әзірленіп, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға қажетті түзетулер енгізілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Алдағы уақытта мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған үздік түлектер аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалады.

- Бұл біліктік жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді. Сондай-ақ жас мамандарға «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл бірінші басшылардың өз қызметшілері үшін жауапкершілігін арттырады,- деді Е.Ермаханбетов.

Сонымен қатар Е.Ермаханбетов бұл бастаманың тағы бір мүмкіндігін атап өтті. Яғни, енді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде Елорданы қоспағанда, жергілікті органдардың жекелеген лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылады.