Атыраулық жастар «жұмыс жоқ» дегенді алға тартып, табысы мол жұмысшы мамандығынан қашып жүр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ал, Махамбет ауданы Сарайшық ауылында ауылшаруашылық мамандарын дайындайтын көпбейінді колледж бар екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Тек бір өкініштісі – мектептен кейінгі оқуын колледжбен байланыстырғысы келетін оқушылардың аздығы. Көбісі мұндағы мамандықтардың үлкен сұранысқа ие екенінен бейхабар. Екіншіден, қазір жастар арасында қарапайым еңбек адамының артықшылықтары мен ерекшеліктерін насихаттау жұмыстары аздық етіп тұр.
Тағы бір мәселе – колледжге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілсе де артық етпес еді. Себебі, қарапайым әжетхананың өзі ғимараттың сыртында орналасқан.
Айта кетейік, 1958 жылдан бері оқу орны жүздеген мамандық бойынша мыңдаған маман дайындап шығарды. Арасында елге танылған белгілі тұлғалар да жетерлік. Бір қызығы, Кеңес одағы кезінде ауылшаруашылық мамандарын дайындайтын аймақтағы төрт арнаулы оқу орнының бірі болған.
Бүгінде колледж ғимараты 450 студентке шақталған. Мұнда 9-сыныпты аяқтаған оқушылар қабылданып, үш жыл білім алады. Олар – ауылшаруашылық өндірісінің тракторист-машинисі, аспазшы, әрлеу жұмыстарының шебері, электр газымен дәнекерлеуші, тігінші секілді қазіргі еңбек нарығында зор сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Оқудан бөлек, қоғамның түрлі саласында жоғары деңгейдегі марапат иелері мен жүлдегерлер де бар.
Соңғы жылдары оқу орнының материалдық-техникалық базасы жақсартылып, кітап қоры да көбейтілді. Серіктес мекемелермен байланыс нығайтылып, білім беру сапасы жаңартылды. Оқу кабинеттері, зертханалар мен шеберханалар қажетті құрал-жабдықпен және оқу құралдарымен қамтылған.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ