Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым бағытындағы олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Университеттердегі ғылымды жүйелі түрде дамыту үшін ғылыми мекемелердің ауқымды желісін қалыптастыру қажет. Аймақтарда академиялық артықшылық орталықтарын, сондай-ақ технопарктер, инжиниринг хабтары мен зертханалар ашуды тапсырамын. Бұл ретте аймақтың ерекшелігімен қатар, ғылыми-технологиялық және экономикалық даму басымдықтарын ескеру маңызды. Ғылымды мемлекет тарапынан қаржыландыруға ғалымдар, нақтырақ айтқанда псевдоғалымдар «майшелпек» ретінде қарамауы керек екенін баса айтқым келеді. Қаржы гранттарының көбінесе ғылыми маңызы, өзектілігі жоқ жобаларға берілетіні ешкімге жасырын емес. «Парасат» ғылыми холдингінде болған өкінішті жағдай – осының анық мысалы. Бөлінген қаражаттың бәрі құмға сіңген судай болды. Ал оның бұрынғы басшысы, химия ғылымдарының докторы Америка азаматтығын алып, отбасымен бірге елден кетіп қалды. Еліміздегі зерттеу университеттерінің санын біртіндеп көбейту қажет. Шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу тәжірибесін жалғастыру керек», - деді ҚР Президенті.
Одан бөлек, мемлекет басшысы елде докторанттардың саны аз екенін тілге тиек етті.
«Сондай-ақ ғылыми-жаратылыстану, инженерлік-технологиялық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы мықты ғылыми орталықтар мен институттарды ашу жөніндегі кешенді жоспарды іске асыра бастаған жөн. Бұдан бөлек, қазіргі ғылыми-зерттеу институттары қызметінің тиімділігіне сараптама жасау өте маңызды. Сондай-ақ жас ғалымдарға тартымды болу үшін институттардың жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіру керек. Ғылыми кадрларды даярлаудың мәні зор. Бүгінде университеттердегі ғылыми зерттеу жұмыстарының негізгі қозғаушы күші – докторанттар. Әйтсе де олардың саны біздің жоғары оқу орындарында білім алушылардың 1 пайызына да жетпейді. Өкілетті органдарға докторантураға қабылданатындардың санын тиісті деңгейге жеткізуді тапсырамын. 5 мың жеткілікті цифр деп ойлаймын. Министрлік бұл мәселені қайта қарап, оның нақты саны мен санатын анықтауы және тисті шешім қабылдауы қажет.
Ғылымды дамытудың жаңа үлгісіне сәйкес Ұлттық ғылым академиясының рөлі ерекше болады. Ғылым академиясына жақында Президент жанындағы орган мәртебесі берілді. Оны қаржыландыру мәселесі шешілді. Академиктерге өмір бойы стипендия төленетін болды. Бірақ осы жерде ашық айтуым керек: бізде академиктер тым көп, кейбір академиктердің таза ғылымға еш қатысы жоқ. Бір қарағанда, академик деген аты бар. Бірақ ғылымды дамытуға қосқан үлесін ешкім білмейді. Осындай академиктердің ғылыми сапасы да, олардың ғылымға қосқан үлесі де күмәнді. Бұл Академияға нұқсан келтіргені сөзсіз. Сондықтан Академияның жаңа басшылығы осы маңызды мәселеге назар аударуы керек. Ғылым академиясының беделі, абыройы мінсіз болуы қажет. Нағыз ғалым болу – академик не болмаса доктор атағына ие болу емес, жан-дүниеңмен беріліп ғылыммен айналысу, зерттеу жүргізу арқылы қоғамға, елге пайдаңды тигізу екенін назарда ұстау қажет. Академияның жұмысы түбегейлі өзгеруге тиіс», - деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, ол күрішті күрмектен айыра білуіміз керек, ғылымда кездсейсоқ жүргендерден гөрі, нағыз ғалымдарға бөлінетін қаржыны ұлғайту қажеттігін айтты.
«Ғалымдардың мәртебесін дәйекті түрде көтеріп, оларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету шараларын күшейтуіміз қажет. Осы мәселеге байланысты академиктердің пікірімен келісемін. Ол үшін жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер қызметкерлерінің ғылыми дәрежесі мен атағына қарай төленетін үстемеақыны 1,5 есе арттыру қажет. Сонымен қатар күрішті күрмектен айыра білуіміз керек. Көмекке, әсіресе материалдық тұрғыда қолдауға лайық нағыз ғалымдар жеткілікті. Сондай-ақ ғылыми атақтары бар, бірақ ғылымға еш қатысы жоқ ғалымдар да бар. Олар туралы кейінірек айтамын. Олар бұл атаққа тек әкімшілік, саяси қызметінің арқасында қол жеткізген. Сондықтан оларды шын ғалымдармен шатастырмайық. Ғылымда кездсейсоқ жүргендерден гөрі, нағыз ғалымдарға бөлінетін қаржыны ұлғайтқанымыз жөн», - деді ҚР Президенті.
Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушылардың өндіріске жұмсайтын қаржысының 1 пайызын ҒЗТКЖ-ға міндетті инвестиция ретінде құюы керегін айтты.
«Университеттерді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін мақсатты капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы заң жобасын әзірлеген жөн. Ғылымды қаржыландыру көздерін көбейтуге, соның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың өндіріске жұмсайтын қаржысының 1 пайызын ҒЗТКЖ-ға міндетті инвестиция ретінде құюына айрықша назар аудару қажет. Бұл ретте өндіруші компаниялардың аталған шығындарын орталықтандыруды жалғастыру керек. Бұл орайда аталған қаражат тағы бір салық түрі ретінде қабылданбауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Осы орайда жер қойнауын пайдаланушылар, соның ішінде «Самұрық-Қазына» қоры қаржыландыратын зерттеулерді ғылыми-техникалық саясаттың басымдықтарымен үйлестіру үшін тиісті шаралар қабылдау қажет. Олардың ҒЗТКЖ жүргізу тәртібін жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары үшін ашық, бәсекелі әрі қолжетімді ету керек. Барлық процесс мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өткізіліп, ғылыми-техникалық кеңестерде қаралуға тиіс», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, елімізде мықты ғылыми мектеп бар. Білікті ғалымдарымыз да көп. Мемлекет тарапынан ғылымға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.
Соңғы жылдары бұл салада біршама өзгеріс болды. Ғылымды қаржыландыру тәсілдері жақсарды, қаржы көлемі едәуір артты. Ғылыми мекемелер біртіндеп жаңғыртылып жатыр. Әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда тәжірибеден өткен мамандар саны көбейіп келеді. Докторанттарды даярлауға және ғылыми жұмыспен айналысуға бөлінетін грант саны артты. Жалпы, жастардың ғылымға деген қызығушылығы ояна бастады. Мемлекет басшысы мұның бәрі жеткіліксіз екенін атап өтті.
«Ашығын айтсақ, ғылым саласы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге әлі де тың серпін бере алмай отыр. Қазақстан басқа посткеңестік мемлекеттер секілді ғылым дамуының «мобилизациялық модель» парадигмасынан шыға алмай қалды. Жоспарлау мен басқарудың шектен тыс орталықтанған жүйесі, мемлекеттік қаржыландыруға тым тәуелді болу, ҒЗТКЖ-ға бизнес тарапынан сұраныстың аз болуы, кадр тапшылығы, әсіресе жас мамандардың ғылымнан кетуі – осы модельге тән проблемалар», - деді ҚР Президенті.
Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз екенін айтты.
«Қазіргі ахуалды сипаттау үшін мына мәселелерге тоқталып өту қажет. Соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артты. Ал ішкі жалпы өнімдегі ғылымның үлесі, керісінше, 0,13 пайызға төмендеді. Бұл қаражаттың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 70 пайызы бюджеттен бөлінеді. Сондай-ақ ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар. Қаражаттың 82 пайызы іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалады. Қалған 18 пайызы ғана тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге арналған. Елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз. Кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей деген сөз», - деді Мемлекет басшысы.
Ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар. Қаражаттың 82 пайызы іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалады. Қалған 18 пайызы ғана тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге арналған.
«Қазіргі ахуалды сипаттау үшін мына мәселелерге тоқталып өту қажет. Соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артты. Ал ішкі жалпы өнімдегі ғылымның үлесі, керісінше, 0,13 пайызға төмендеді. Бұл қаражаттың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 70 пайызы бюджеттен бөлінеді»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар екенін атап көрсетті. Қаражаттың 82 пайызы іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалады. Қалған 18 пайызы ғана тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге арналған.
Елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз. Кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей деген сөз.
Машина жасау, мұнай-химия саласындағы, яғни төртінші деңгейдегі өндірістің үлесі – 34 пайыз. Қалған 1 пайызы микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларында немесе бесінші деңгейдегі технологиямен жұмыс істейді.
«Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс бізде мүлде жоқ. Бұл жағдай көш соңында жүргенімізді көрсетеді. Ғылымның анағұрлым озық салалары бойынша тым артта қалып келе жатырмыз. Мен нақты цифрларды мысалға келтірдім. Оны мойындауымыз керек. Дамыған елдерде кәсіпорындардың тең жартысынан көбі – бесінші, ал 5 пайызы – алтыншы деңгейге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, біздің өндірістеріміз олармен салыстырғанда артта қалған. Бұл айырмашылықты жою – еліміз үшін өте өзекті мәселе. Сондықтан ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі»,-деді Мемлекет басшысы.
Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы ғылымға баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек.
«Шын мәнінде, бүгінгі басқосудың мән-маңызы зор. Қай заманды алып қарасақ та, дамудың басты кілті бұл – ғылым. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын. Осы өзекті мәселе бойынша сайлау алдындағы бағдарламада арнайы өз пікірімді айттым. Себебі ғылымды дамыту – мемлекет саясатындағы ең маңызды бағыттың бірі. Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланысты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті, бұл сала артта қалды деуге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Сол себепті менің Жарлығыммен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Оған Президент жанындағы кеңес мәртебесі берілді. Бұл – мемлекеттің ғылым саласындағы басымдықтарына қатысты ұсыным әзірлейтін негізгі құрылым»,-деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы кеңесті жасақтаған кезде оның құрамына айрықша мән берілгендігін атап өтті.
«Қазақ ғылымына зор еңбек сіңірген аға буын өкілдерін және шетел ғалымдарын шақырдық. Әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда жұмыс істеп жүрген жас ғалымдарымыз да кеңестің құрамына қосылды. Бізге алдыңғы толқынның мол тәжірибесі, кейінгі толқынның озық білімі және тың идеялары аса қажет. Олар өзара үйлесім тауып, еліміздің кәдесіне жарайды деп сенемін»,-деді Президент.
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ