Атыраулық оқушылар робот жасап жатыр

«Енді Атырауда кез-келген мектеп оқушысы «ақылды» тетіктері орнатылған түрлі бұйымдардан бастап, роботтарға дейін құрастыра алады" деп хабарлайды ATPress.kz

Оқушының ойында жүрген түрлі идеялардың шынайы өмірде жүзеге асуына «Шеврон» компаниясы іске қосқан «JasSpace: Атырау қаласы жастарын дамыту бастамасы» бағдарламасы мүмкіндік беріп отыр.

Атырау қаласындағы Абай орталығында орналасқан «STEAM» аймақ бүгінде оқушылар үшін «Жазғы мектеп» жобасын ұйымдастырып та үлгерді.

Мәселен, Атырау қаласындағы Боран Нысанбаев атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Медина Бағытқали қарапайым мектептің оқушысы. Жазғы демалысын телефонға телмірумен емес, өзін дамытуға арнаған Медина «JasSpace» бағдарламасы арқылы, шын мәнінде өзінің жаңа деңгейге ұмтыла бастағанын айтады.

«Шыны керек, бұған дейін «STEAM» аймақ туралы естіген де, білген де емеспін. Бірақ, жазғы демалысымды пайдалы іспен шұғылдануға арнасам деген мақсатым болды. Сөйтіп, Абай орталығындағы жаңа мүмкіндіктер туралы естідім. «STEAM» аймақ – мен үшін жаңа мүмкіндіктерді ашқан ғылым орталығы болды.

Бұл жерде мектептегідей кітап оқумен шектелмейміз. Ойға алған жобаларды эскизін сызып, дайындап, іске қосамыз. Жобаларымызды өз қолымызбен жасап шығарамыз.

Бұл мен үшін үлкен жаңалық. Және «жазғы мектеп» мұғалімдерінің сабақ беру әдісі ұнады. Бұл жерде оқытушылар әр баламен жеке жұмыс жасайды. Адамға ақпарат беру, түсіндіру әдісі де ерекше. Өз басым «жазғы мектепте» биология ғылымы туралы көп ақпарат алдым. Мені ДНҚ тақырыбы қатты қызықтыратын.

Қысқа мерзім ішінде бұл тақырыпты біраз зерттеу мүмкіндігін алдым. Ағашпен жұмыс жасау технологиясы арқылы, түрлі фигураларды жасадым. «Жазғы мектеп» көптеген жаңашылдықтарға жол ашты» дейді Медина Бағытқали.

Нұрболат Серікұлы Атыраудың шеткі ауылы, алыс Алмалыдан келіп білім алып жүрген оқушы. Алмалы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Нұрболат болашағын өнертапқыштықпен байланыстырады.

«Жазғы мектеп» биология, химия, физика, математика ғылымдарына деген қызығушылығымды туғызды. Қысқа мерзім ішінде ағашпен жұмыс жасауды, сынақтар жасауды үйрендім. Бұл жерде адам теория жүзінде оқып қана қоймайды, ойға алған жобасын тәжірибе жүзінде жүзеге асырады» дейді Нұрболат.

«Жазғы мектеп» кезінде «JasSpace» 170 оқушыны қамтыған екен. Енді, қыркүйек айынан бастап, «JasSpace» мектеп оқушыларына қосымша білім беруді бастайды.

Жалпы, «STEAM» дегеніміз не? Ерекшелеп айтып отырған бұл кеңістік балаға не береді? Осы сұрақтарды «Jas Space» бағдарламасын 2022 жылдан бастап жүзеге асырушы оператор болып бекітілген «Орталық Азияның Еуразия қоры» жобасының жетекшісі Салтанат Ноғайбалановаға қойдық.

«STEAM» - болашақтың жобасы. Атомдық жылдамдықпен дамып жатқан бүгінгідей ақпараттық тасқын дәуірінде болашағын ойлаған ел инвестицияны жас ұрпаққа құюы керек. «STEAM» -болашаққа салынып жатқан инвестиция» дейді жоба жетекшісі Салтанат Ноғайбаланова.

«STEAM» - физика, химия, биология, цифрлық технология, математика, гуманитарлық ғылымдармен бірге, макеттерді жобалау, өнер, шығармашылық, креативті идеяларды біріктіретін айрықша мүмкіндіктер кеңістігі.

Шілде, маусым айларында өткен «Жазғы мектепке» оқушылардың қызығушылығы жоғары болды. Енді, қыркүйектен бастап оқушыларға 10 бағыт бойынша білім беру басталады.

Біздің «STEAM» кеңістікте оқушылар 3D моделдеу және басып шығару, лазерлі кесу, гравировкалау, бағдарлама жасау, ағашпен жұмыс, фрезерлі станок, жасушалық биология, экология, STEAM кіріктірлген анатомия, техникалық ағылшын сынды түрлі бағыттар бойынша дами алады.

Басты ерекшелік сол, «STEAM» аймақта оқытушылар балаға негізгі ғылыми концепцияны меңгеруге мүмкіндік береді. Және оқушы «STEAM» аймақта алып жатқан білімін тәжірибе жүзінде сынай алады.

Бұл жерде тәжірибе де, зерттеу жұмыстары да жүреді. Өзінің белгілі бір идеясын тәжірибе жүзінде іске қосып, қолданысқа енгізу мүмкіндігін көрген балада әрине, әрі қарай да ізденіс болады» дейді жоба жетекшісі Салтанат Ноғайбаланова.

«JasSpace» жобасы аясында 7-11 сынып оқушылары тегін білім ала алады.

Ол үшін @Aydi.kz инстаграм парақшасы арқылы өтінім беру жеткілікті. Айына 400-450 оқушының заманауи форматта білім алуына мүмкіндік беретін «JasSpace» жобасы білімімен ерекшеленген зерек оқушыларды ерте жастан кәсіпке бейімдеу бағытында да жұмыс істейтін болады. Осы жерде ауыл балалары үшін бұл жоба қаншалықты қолжетімді деген де сауал туындайды.

Жоба операторы - «Орталық Азияның Еуразия қоры» бұл мәселені шешкен екен. Қазіргі уақытта «JasSpace» жобасы аясында атыраулық 160 оқытушы біліктілікті арттыру курсынан өтіп жатыр. Олардың әрқайсысы курстан алған білім, тәжірибелерін шәкірттерімен бөлісетін болады.

Болашақ - жастардыкі. Қазіргідей ғылым мен білім дәуірінде еліміздің экономикасын жаңа бағытта дамытатын да жастар. «STEAM» аймақ жастарымыздың жаңа технологияға негізделген жобаларын бүгіннен бастап іске асыруына мүмкіндік беретін үлкен алаң болып отыр. Ендеше, тек алға, жас достар!

 

Қазіргі таңда Атырауда арнайы жабдықталған 47 «STEAM» кабинет бар.

Бірақ, олардың барлығы бірдей тиісті деңгейде жұмыс істеп тұрған жоқ.

Өйткені, жаңашылдықты меңгерген мамандар әлі де болса жетіспей жатыр.

Сондықтан, «JasSpace» жобасы жергілікті мамандарды кәсіби тұрғыда оқытумен айналысуда.