Атырауда жоғары білім көрмесі өтті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті базасында Атырау және Маңғыстау облыстарына бөлінген нысаналы білім беру гранттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында жоғары білім көрмесі өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Дәстүрлі көрмеде еліміздің қырыққа тарта жоғары оқу орындарының өкілдері мектеп бітіруші талапкерлер мен ата-аналарға өздерінің білім бағдарламаларын ұсынды. Көрме аясында Атырау облысының мектеп түлектеріне арналған шеберлік сағаттары, семинарлар, тренингтер ұйымдастырылды.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев арнайы қатысып, білімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған Педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасы бекітілгенін айта отырып, педагогикалық кадрларды даярлауда туындап отырған мәселелерге тоқталып өтті. Атап айтқанда, қазіргі күні ағылшын, орыс тілдері, математика, информатика және химия мұғалімдерінің жетіспеушілігі ерекше байқалады. Мәселені оңтайлы шешу мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы іске қосылмақ, оның аясында жыл сайын педагогикалық бағыттар бойынша елімізде қосымша кемінде 7 мың грант бөлінеді.

Сонымен қатар, ол бірқатар ұсыныстарын тараптармен кездесуінде ортаға салды. Оның айтуынша, педагогикалық пәндерді бірлесіп оқытуға, сондай-ақ педагогикалық практиканы ұйымдастыруға тәжірибелі мектеп мұғалімдерін белсенді тарту қажет және бұл бағытта қазіргі таңда әдістемелік нұсқаулық әзірленген.

- Елімізде сапалы педагог кадрларды даярлау үшін «Жоғары оқу орны – колледж – мектеп» коллаборациясын құру қажет. Бұл үшін білім басқармаларымен бірлескен жұмысты жандандырып, оның ішінде педагогикалық практика базаларының желісін қалыптастыру үшін тиісті шарттар жасасуды ұсынамыз. Атырау облысының білім сапасында туындаған мәселелерді шешудің жолдарын қарастыратын облыс әкімінің жанындағы өңірлік академиялық кеңес құруды ұсынамын. Кеңес құрамына университет сарапшылары, білім басқармасының өкілдері, мектеп директорлары, тәжірибелі мұғалімдер, «Өрлеу» өкілдері, Педагогикалық шеберлік орталығы өкілдері, Назарбаев зияткерлік мектебінің өкілдері кіруі қажет. Сонымен қатар, жергілікті әкімдік бөлетін гранттардың тартымдылығын арттыру қажет. Бұл грантпен оқып жатырған студенттерді 3-4 курстардан бастап Тәлімгерлік жобасына қатыстыру қажет,- деді Қ.Ерғалиев.