Атырауда "Ақжайық", "Аиша ана", "Береке", "Еділ", "Сарайшық" қайырымдылық мекемелерінде кәмелетке толмаған 82 бала тұратыны анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қазір қайырымдылықтың астарында басқа мақсат жасырылған ба деген күдік бар. Өйткені тексеру барысында мекемелерден діни сауаттылықты үйрететін стенділер, әдебиеттер табылды. Ата-аналармен кездесу кезінде олардың бұл ұйымдарды «медресе» деп атайтындықтары белгілі болды. Бір сорақысы - балалар бұл жерде ата-аналарының сенімхаты негізінде тұрады екен. Ал бұл болса заңға қайшы. Балалар құқығын қорғау мақсатында облыстық білім беру басқармасы дабыл қағып, барлық құзырлы органдарға хат жолдаған. Басқарма ұсынысымен құрылған зерделеу тобы мекемелерде қауіпсіздік шараларының сақталмағандығын және балалардың өмір сүруіне мүлдем жағдай жасалмағанын анықтады.
Бір сөзбен айтқанда балалардың психикалық және физикалық тұрғыдан дамуы үшін ешқандай шаралар қарастырылмаған. Мектеп оқушыларының қосымша сабаққа дайындығы бойынша кеңес беретін пән мұғалімдері, тазалықшы жоқ. Ұйым қызметкерлерімен, ата-аналармен ұйымдастырылған кездесуде баланың болашағы мен тағдырына жергілікті билік те, білім беру ұйымдары да немқұрайлықпен қарамайтындығы ескертілді. Осы факт бойынша бүгінде басқарма тарапынан тиісті іс-шаралар қолға алынды. Қайырымдылық мекемелері қызметкерлеріне әлеуметтік осал санатты отбасы балаларына өз үйінде ата анасымен тұрып жатса да көмек берулеріне болатындығы түсіндірілді. Ал тәулік бойына балалардың қайырымдылық мекемесінде болуы бірінші кезекте балалар қауіпсіздігі үшін маңызды екендігі ескертілді.
Айта кететін жай, бұл жұмыстардың барлығы тек заң аясында ғана жүзеге асырылуы керек. Осы бағытта ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын бірлесе жүргізу ұсынылды.
Еске сала кетсек, Алматыда да пансионаттағы балаларды дұға етуге мәжбүрлеп, жазалағаны анықталған еді. Сол сияқты, Қостанайда да "Жібек жолы" деген атауды жамылған пансионаттар желісінің қызметі тексеріліп жатыр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ