Атырауда «Қадыр оқулары» қорытындыланды

Бұл туралы облыстық Білім беру басқармасы Таланттарды анықтау және қолдау орталығының директоры Руслан Сарбалин мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жалпы білім беретін мектептердің 5-11-сынып оқушылары арасында «Қадыр оқуларының» облыстық кезеңі қорытындыланды. Байқауға 37 оқушы қатысып, төмендегі бағыттар бойынша бақ сынады. «Сөзім барда – өзім бар» - ақын өлеңдерін мәнерлеп, нақышына келтіріп, жатқа оқу. «Болу үшін жаралғам туған жердің жырауы...» - ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындау. «Өлең жаздым тоғыз тарау, жеті өрім» - жазба ақындар мүшайрасы.

- Байқау Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақ әдебиетінің ірі өкілі Қадыр Мырза-Әлі шығармаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, оқушылардың поэзияға деген құштарлықтарын арттыру, шығармашылық қабілеттерін, көркем сөз оқу шеберлігін дамыту, ақынның сөздеріне жазылған әндерін дәріптеу мақсатында өткізіліп отыр,- деді Р.Сарбалин.

Қазылар алқасының қорытынды шешіміне сәйкес үш оқушы I дәрежелі дипломмен, алты оқушы II дәрежелі дипломмен, тоғыз оқушы III дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар 17 оқушыға Алғыс хат табысталды.