Түркияда төтенше жағдай енгізілген жағдайда қазақстандық студенттерге өз отанында оқуын жалғастыруға мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды AtyrauPress.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі оқу елінде төтенше жағдай енгізілген, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, қарулы, әскери қақтығыстар жағдайында Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастарды шетелдік ЖОО-нан ауыстыру оқу жылы бойында жүзеге асырылатынын хабарлайды.
Осы ретте Атыраудағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен С.Өтебаев атындағы мұнай және газ университеті Түркияда оқып жатқан қазақстандық студенттерді оқуға қабылдауға әзір.
С.Өтебаев атындағы мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликованың айтуынша, шетелдік ЖОО-да білім алып жатқан студенттерді жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық бағдарламалары бойынша бүкіл оқу жылы ішінде қабылдауға дайын.
Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен жақын арада Түркияға оқуға кеткелі отырған студенттер бар екен.
«Біздің 1 магистрантымыз Түркияның Чанаккале қаласында оқып жатыр. Абырой болғанда ол жер сілкінісі ошағынан алыс қалада білім алуда. Сондықтан оқуын сол елде жалғастыратынын хабарлады. Ал екі студентіміз Ерзурум және Нийде қалаларына баруы тиіс болатын. Ондағы жағдайға байланысты студенттердің ата-анасы қандай шешім қабылдайтыны әзірге белгісіз», деді университеттің халықаралық қатынастар және интернационализация бөлімінің жетекшісі Қарлығаш Әшірханова.
Айта кетейік, ҚР Түркиядағы Елшілігінің ақпараты бойынша 8000-нан астам ҚР азаматы Түркияның жоғары оқу орындарында оқиды, оның ішінде 11 «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары және академиялық ұтқырлық шеңберінде оқитын қазақстандық жоғары оқу орындарының 190 студенті бар.
Сурет ашық дереккөздерден алынды.