«Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор екені белгілі. Енді соны тиімді пайдаланатын кез келді. Алдағы бес жылда біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін екі есеге арттырып, осы саладағы еңбек өнімділігін үш есеге ұлғайтуымыз қажет. Бұл өте маңызды міндет», – деп мәлімдеді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында.
Әрине, аграрлық саланы дамытуға бағытталған ауқымды жобалар бұған дейін де жоспарланып, жүйелі жүзеге асырылып келе жатқаны анық. Осыған назар аударған мемлекет басшысының мәлімдеуінше, соңғы алты жылда еліміздің агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді. Бұл ауыл шаруашылығына тиесілі жалпы өнім көлемінің 1,8 есеге немесе 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпалын тигізгді. Есепті мерзімде жұмыспен қамтылған бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі екі есеге өсіп, 4,2 миллион теңгеге жетті. Ал, азық-түлік өндірісінің көлемі 2,1 есеге ұлғайды.
Қазақстанның ауыл шаруашылық әлеуетін тиімді пайдалану уақыты келгенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өтті.
«Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы әлеуеті белгілі, енді оны тиімді пайдаланатын кез келді. Біздің ел бастапқы мүмкіндіктері бойынша әлемдегі жетекші аграрлық мемлекеттердің біріне айналуы керек еді. Алайда бұл сала қаржыландырудың жетіспеушілігінен зардап шекті, оны жемқорлар мен алаяқтар, соның ішінде мемлекеттік қызметкерлер иеленіп алды. Жалған мәліметтер салдарынан мемлекет жылдар бойы шын мәнінде жоқ малға субсидия төлеп отырды. Қазір жинақталған мәселелердің бәрін шешу, агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге шығару үшін үлкен жұмыс атқарылуда», - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, алдағы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін екі есеге арттыру және саладағы еңбек өнімділігін үш есеге көбейту міндеті тұр.
«Алдағы 10 жылда Қазақстан астықты терең өңдеудің әлемдік жетекші өндірушілері мен жеткізушілері қатарына кіруі керек», - деді Тоқаев.
Менің ойымша, біз барлығымыз осы пікірді қолдап, қалыптасқан жағдайды жақсартуға қатысуымыз және агроөнеркәсіп кешеніндегі жағдайды түзеуге өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Зұлпұхар СҮЙНЕШОВ, ауыл шаруашылығы ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы
Фото: pixabay.com