Бассейнде жүргендей мәз!: Субұрқақтарда шомылып, ауру жұқтырып алмасын

Күн ысығалы бері Атырау қаласындағы субұрқақтарда балалар көптеп шомыла бастады. Ал мұның салдарынан түрлі ауру жұқтырып алу қаупі бар екенін ешкім ескеріп отырған жоқ, деп хабарлайды AtyrauPress.

Исатай мен Махамбет орталық алаңындағы субұрқақтар балалардың бассейніне айналған.  Ең сорақысы сол, онда балаларды ата-аналары ертіп келіп, шомылдырып жатыр. Үлкендер жағы фото мен видеоға түсіріп мәз. Өз бетімен топ  болып келген балақайлар  тағы бар. Бәрі аптап ыстықта салқындайтын орын тапқанына риза.

«Samgau-2030» ЖШС-нің шебері  Мейіржан Жұматаевты балалардың субұрқақтарда шомылуымен қатар, түрлі қоқыс лақтыратыны қынжылтады.

 «Мұнда шомылуға болмайтыны жайлы айта-айта шаршадық. Енді субұрқақтарда шомылған кезде қандай ауру жұқтыратыны туралы екі тілде ақпарат жазып қойдық. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Тіпті жыртып тастайды. Бұл жерді бассейнге айналдырып алған. Таңқалатыным, кей ата-аналар балаларын әкеліп, шомылдырып, сүлгілерін жайып кептіріп алады. 1-маусым мен демалыс күндері бала тым көп болды. Бақылауға күшіміз жетпеді. Мешіт маңындағы полиция бекетінің тәртіп сақшылары көмек беріп, ескерту жасады. Біз суға химиялық реагенттерді қосамыз. Залалсыздандыру жұмыстарын жүргіземіз. Қоспалардан кейбір адамдарда аллергия болуы мүмкін. Осыны түсінсе екен», - дейді М.Жұматаев.

Субұрқақта шомылған балалар басын қатерге тігіп отыр. Бетін аулақ қылсын, алда-жалда тоқ ұрса, қауіп емей немене?

Дәрігерлердің айтуынша, субұрқақтарда шомылу салдарынан балалар түрлі ауру жұқтырып алуы мүмкін. №2 Атырау облыстық ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі, инфекционист дәрігер Салтанат Мәлікқызы ішек және энтеровирустық инфекцияларды және А гепатитін жұқтыру қаупі барын айтты.

«Субұрқақтардағы судың таза еместігі белгілі. Жаз мезгілінде ішек инфекцияларының өршитін уақыты. Сондықтан да абай болған жөн. Бізге келген кейбір балалар субұрқақтарда ойнағанын, шомылғанын айтады. Бірақ біз қанша бала субұрқақтан ауру жұқтырғаны туралы арнайы есеп жүргізбейміз», - деді дәрігер.

Ал Атырау облыстық тері-венерологиялық диспансерінің бас дәрігері Мира Бердешова лас суда шомылудың соңы сары жара мен шиқан секілді тері жараларының шығуына себеп болатынын айтады.

«Бұдан бөлек, стрептококк пен стафилококк инфекциялары жабысуы мүмкін. Әсіресе баланың терісінде жырылған жері немесе басқа да ашық жаралар болса, лас судан түрлі ауру жұқтырып алады», - дейді М.Бердешова.

Қаладағы субұрқақтарда түнгі уақытта құстар, бұралқы иттер мен мысықтар шомылып, су ішеді. Олардың  вирус тасымалдаушы екені белгілі. Дәрігерлер балаларды көше бойындағы мұндай жерлерде шомылдырмақ түгілі, қол-аяғын суға батырудың өзі қауіпті деп отыр. 

Қазір қалада жалпы 40-қа жуық субұрқақ жұмыс істеп тұр. Оның сегізі орталық алаңда орналасқан.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА