Олар құқық қорғау органдарының ұстау және күш қолдануына наразылық білдірген азаматтардың атынан хат жолдады, деп хабарлайды ATPress.kz.
Атырауда орын алған тәртіпсіздіктерден кейін облыстық мәслихат депутаттары Амангелді Абдолов, Асылбек Жәкиев, Нұрлан Мүталиев және Нұржан Ермұханов Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевпен кездесті. Олар ұсталу фактісіне және құқық қорғау органдарының күш қолдануына байланысты өз наразылықтарын білдірген азаматтардың атынан хат жолдаған. Бұл халық өкілдері – Атырау облыстық мәслихатының заңдылықты сақтау, депутаттық этика және құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының депутаттары.
Жиын барысында Атырау облысының полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев орын алған жаппай тәртіпсіздіктер мен бүлінген мүліктерге тоқталды. «Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан азаматтардың құқық қорғау органдары тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқаны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Азаматтардың өтініштерін қабылдау үшін Ішкі істер министрлігінің бақылауында тәулік бойы сенім телефондары жұмыс істейді» деді облыстың бас полицейі. «Төтенше жағдай режимінде полиция басқармасының қызметкерлері өз міндеттерін жақсы атқарды. Көтерілісшілердің әлеуметтік-стратегиялық нысандарға кіруіне жол берілмеді» деді Қамза Үмбетқалиев.
Атырау облыстық мәслихатының депутаты Нұржан Ермұханов әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлеріне теріс көзқарас қалыптастыратын жазбалар жайында айтты. Аталған жағдайлардың дұрыс-бұрысын анықтап, нақты ақпарат беру үшін кездесулер ұйымдастыру қажет екенін жеткізді.
Жиынға қатысқан халық қалаулылары азаматтардың өтініштерін тексеруде, халықты дер кезінде хабардар етуде ашықтық пен нақты ұстаным қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ақпараттандыру жұмыстарын жандандыруға үлес қосу ниеттерін білдірді.