Атыраудағы психикалық денсаулық орталығын тексеру кезінде 5 млн теңгеге алынған ет жоқ болып шықты

Бұл туралы «Әділдік жолы» РҚБ Атырау филиалымен бірлесе отырып, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында жемқорлыққа қарсы волонтерлер жүргізген мониторинг барысында белгілі болды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мониторинг тобы облыстық балалар ауруханасына, психикалық денсаулық орталығына және онкологиялық диспансеріне барды. Тексеру кезінде тамақ өнімдерін пайдаланудың басталуы туралы таңбалаудың жоқтығы, дайындалған тамақ өнімдерінің әрбір партиясынан тәуліктік сынама алынбағаны, мәзір денсаулық сақтау ұйымы басшысымен бекітілмегені, сондай-ақ көкөністерді сақтау шарттары сақталмағаны анықталды. Мәселен, картоп пен пияз еденде жатты. Бұл - қоғамдық тамақтандыру нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай емес. Сонымен қатар, асхана қызметкерлері ас мәзірінің макетін денсаулық сақтау ұйымының басшысымен келісуді қажет деп таппаған.

«Мемлекеттік сатып алу порталының деректеріне сәйкес биыл наурыз айында 3 612 000 теңгеге 1500 кг ет сатып алынды және қазан айында 2 268 000 теңге сомасына тағы 1200 кг ет сатып алу туралы шарт жасалды. Алайда, мониторинг барысында ет жоқ екені анықталды. Сонымен қатар, тамақ бір уақытта бояу жұмыстары жүргізіліп жатқан бөлмеде дайындалған. Мониторинг барысында мекеме асханасында жөндеу жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан асхана көшірілмей, сол жерде тамақ дайындау жалғаса берген», - делінген Антикордың хабарламасында.

Денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері анықталған фактілерді  ғимараттың тозуымен түсіндірді. Оны бұзып, қызметкерлер мен науқастарды басқа жаққа ауыстыру туралы тұрақты уәделерден шаршаған басшылық жөндеу жасау - мәжбүрлі шара екендігін алға тартты. Бүгінде осы орталықта 120-ға жуық науқас стационарлық ем алып жатыр.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА