Атырау қаласында М.Жұмабаев атындағы №1 мектептің оқушылары III-тоқсанда жаңарған мектепке көшіп алды. Әбден тозығы жеткен білім ұясы толығымен сүріліп, қайта бой көтерді. Жаңа ғимарат «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында салынды.
Екі қабатты жаңа заманауи мектептің ішіне кірген кезде Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын - мұғалімдікі» деген қабырғадағы жазу бірден көзге түседі. Бұл – ұстаздың мәртебесін арттыруға үлес қосатын ұтымды жол деп түйдік.
Өздерінің жылы ұясына оралған ұстаздар мен оқушылардың қуанышында шек жоқ. Мектеп директоры Гүлжан Қожахметова III-тоқсанның алғашқы сабағы басталған кезде балаларды музыкамен қарсы алғанын айтады. Олар жаңа, заманауи, жарық, жылы әрі бүкіл жағдайы жасалған мектепке көшуді аз күткен жоқ. Осы оқу ордасының 10 сынып оқушысы, Айым Биғали жаңа мектепте мүмкіндіктер де көп деп отыр.
«Қашан өзіміздің мектебімізге ораламыз деп ұзақ күттік. Осында көшіп келген кезде қатты қуандық. Жаңаның аты – жаңа ғой. Мен 1 сыныптан бері осында оқып келемін. Ендігі міндет – жақсы оқуды ары қарай жалғастыру және грантқа түсіп, мектептің мерейін тасытып, абыройын асыру. Өйткені оқу үшін мұнда барлығы да жасалып отыр», - деді ол.
Оқушылармен қатар олардың ата-аналары да дән риза. Ульяна Мальцеваның ұлы мен қызы осы мектепте оқиды.
«Балаларым күн сайын қуанып келеді. Олар асханадағы тамақ өте дәмді, мектептің іші жып-жылы және кітапханасы керемет деп жарысып айтып отырады. Ескі ғимаратта дәретхана сыртта болушы еді. Оған қоса сынып іші суық болғандықтан, әрдайым жаурап-жасынап жүретін. Мектепті апатты деп таныған соң балалар Х.Доспанова атындағы №18 мектепте үш ауысымда оқыды. Әрине, бұл балалар үшін оңайға соққан жоқ», - дейді У.Мальцева.
Бұл мектепте ақ жаулықты әже Жансая Самиғанованың да екі немересі білім алып жатыр. Оның балалары мен немерелерінің алды да осы оқу ордасын тәмамдаған.
«Мектеп керемет етіп салынған. Барлық ата-ананың атынан «Теңізшевройл» кәсіпорны мен құрылысты жүргізген «ARSM» ЖШС-не алғысымды айтамын. Ғимарат салу деген оңай тірлік емес. Балаларға жақсы оқы дегеннен басқа айтарым жоқ», - деп ағынан жарылды Жансая әже.
Әрине, жаңа ғимаратты ескісімен салыстыруға да келмейді. Бұрын мұғалімдер бөлмесі, асхана, спорт және акт залдары мүлдем болмаған. Дәріс өту үшін кабинеттер жеткіліксіз еді. Ал әжетхана сыртта орналасқан-ды. Мектептің жанында спортзал ретінде төбесі мен айналасы жабылған қоршау ішінде балалар амалдап денешынықтыру сабағына қатысқан. Оның іші қыста суық болса, ал көктем мен күздің жылы айларында ысып кететін.
Бастауыш сынып мұғалімі Кулара Бисенова ескі мектепке балалардың сыймағанын және қауіпті болғанын еске алды.
«Бұрын ескі мектепте балалар сыймаған кезде спортзал мен тігін кабинеттерін сынып ретінде пайдаландық. Балалар саны өскен сайын кабинет тапшылығы өзекті болды. Жыл сайын жөндеу жасалса да кемшіліктері шыға беретін. Қабырғасы қақырап, төбелері опырылып құлайтын. Бір кездері төбенің жалп етіп құлағаны есімде. Абырой болғанда, ол уақытта балалар жазғы демалыста еді», - дейді ұстаз.
М.Жұмабаев атындағы №1 мектептің директоры Гүлжан Қожахметованың айтуынша, ескі мен жаңа ғимараттың айырмашылығы жер мен көктей деп, артықшылықтарын жіпке тізгендей айтып берді.
«Мен 2017 жылы қараша айында осы мектепке директоры болып тағайындалдым. Ол кезде мектеп апатты деп танылып, оқушылар Х.Доспанова атындағы №18 мектепке уақытша көшіріліп, балалар сонда білім алып жатты. Ұжымның, ата-аналардың айтуынша, жаңбыр жауған кезде есік алдына су көп жиналып, жертөлеге кіреді екен. Сонда мектептің ішіне кіру қиындағандықтан, ата-аналар балаларына резеңке етік киігізіп, ішке кіргізген. Ал қазір кіре берістен бастап балалар үшін барлық жағдай жасалып отыр. Мектепте асхана, қыш құмыра бұйымдарын жасайтын студия, робототехника кабинеті, STEM зертханасы, графика-дизайн, алғашқы әскери дайындыққа үйрету кабинеті, ұл мен қыздар үшін бөлек еңбек сабағы кабинеттері бар. Қыздар киім пішіп, тамақ әзірлесе, ұлдар ағаш жонады. Ол үшін жап-жаңа станоктар мен тігін машиналары алынған. Аулада баскетбол мен волейбол алаңшалары мен жүгіру жолағы бар. Бұдан бөлек, бастауыш сынып оқушыларына арналған ойын алаңшасы, ал жоғары сыныптар үшін спорт тренажерлары қойылған. Сондай-ақ, алғашқы әскери дайындық алаңы да қарастырылған. Әр сыныпқа тақтамен қатар үлкен Led монитор ілінген. Ал спорт залда ұл және қыз балалардың киім ауыстыратын бөлмесінен бөлек, душқа түсетін арнайы орын да қарастырылған», - дейді мектеп директоры.
Асханадан шыққан тәтті иіс онда кірмесіңе қоймайды. Театр – киім ілгіштен басталады дейміз. Ал мұнда асханаға кірген бойда сол жағында қол жуатын бірнеше раковина орныққан. Бұл – баланың ас қабылдамас бұрын міндетті түрде «қолың таза болуы керек» дегенді ұғындырады әрі есіне салады. Онда бір мезгілде 110 оқушы келіп, тамақтана алады. Ал үлкен мониторда күн сайынғы мәзір жазулы. Бүгінде ыстық тамақпен 1-4 сынып аралығындағы 150 оқушы қамтылған.
Айтпақшы, барлық кабинеттің кіре беріс тұсының оң жақ қабырғасында Брайль шрифтерімен кабинеттердің аты жазылған. Бұдан бөлек, пандустар мен жеделсаты да бар. Бұл – инклюзивті білім беру мақсатында арнайы жасалған.
Бір қызығы – мектеп ішінен «Дәретхана» деген жазуды көрмедік. Сөйтсек, ұлдар кіретін есік пен қабырға көк түске, қыздардыкы – қызыл, ал мектеп әкімшілігінікі – ақ түске боялған.
Әр сыныптың алдында киім ілетін шкафтар қойылған. Яғни әр бала сабаққа кірмес бұрын сырт киімін іліп, етігін ауыстырып, басқа да артық заттарын соның ішіне салып қоя алады. Мұғалімдерге де дәл солай киім ілетін орын жасалған. Бұл да ұтымды шешім. Басқа мектептердегідей бүкіл оқушы бір мезетте киім ілетін ортақ орында топырлап тұрмайды.
Акт залында пианино, синтезатор, караоке және екі LED панель бар. Енді мектептің бүкіл іс-шарасы кең әрі жарық акт залында қызықты өтеді деп бәрі қуанып жүр. Ал үзіліс кезінде балалардың дойбы мен үстел теннисін ойнауы үшін жағдай жасалған.
Мектеп 300 оқушыға арналған. Қазір 386 бала екі ауысымда білім алып жатыр. Оларға 40 мұғалім дәріс береді. Ғимарат ішінде 27 кабинет бар. Мектептің іші-сыртына 72 бейнекамера қойылған және олардың барлығы «Сергекке» қосылған. Алдағы уқытта арнайы күзетпен қамтылатын болады.
«Жаңа мектепке көшкенше бірде-бір мұғалім басқа жаққа кеткен жоқ. Тіпті оқушылардың қатары артпаса, кемімеді. Ең бастысы - қос мектептің де балалары бір-бірімен тату болды. Көшіп-қонып, үш ауысымда жұмыс істеу оңай емес қой. Бірақ ұжым жұдырықтай жұмылып, бар қиындықты бірге бастан өткерді», - деп разылығын білдірді мектеп басшысы.
Қаладағы бұл білім ұясы жұртшылыққа №1 Ленин атындағы мектеп ретінде жақсы таныс. Ғимараттың негізі 1935 жылы қаланып, госпиталь болған деседі. Ал 1950 жылдан бастап орыс тілде оқытатын мектеп ретінде пайдалануға беріліп, апатты деп танылған уақытқа дейін балалар екі ауысымда білім алып келді. Ал еліміз Тәуелсіздік алған соң онда қазақ сыныптары ашыла бастады. Осыдан 7 жыл бұрын апатты саналып, балалар қыркүйек айында көршілес білім ордасына ауыстырылды. Ал 2022 жылдың наурыз айында ескі ғимарат толығымен сүріліп, шілде айында «ARSM» ЖШС құрылысты басталып кетті. Жоба құны - 2 млрд теңгеге жуық. Мектеп құрылысы «Теңізшевройл» ЖШС-ның «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы аясында жүзеге асты. Ал бір айдан соң AtyrauPress тілшілері құрылыс барысымен танысуға барды. Сол кезде нысан басына барғанымызда бізді осы серіктестіктің техникалық директоры Таутас Шарипов қарсы алып, жұмыс барысымен таныстырған еді. Сол кезде жұмысшылардың ала таңнан кешке дейінгі тынымсыз еңбегінің куәсі болдық.
Ал 2022 жылғы 5 желтоқсанда мектептің ашылуы салтанатты түрде өтті. Сол кезде «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесинов бұл жобаның «Игілік» бағдарламасы аясында жүзеге асырылғанын және бұдан кейін де мұнайлы өңірдің дамуына атсалысатынын алға тартты.
«Білім беру саласы «Теңізшевройлдың» әлеуметтік бағдарламаларының басым бағыттарының бірі. Біз білімді жастар - болашақ кепілі дейміз және оның дамуына өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Сонымен қатар, әлеуметтік жауапты компания ретінде «Теңізшевройл» ЖШС Атырау облысының дамуына қолдау көрсетеді, - деді К.Сүйесінов.
Айта кетейік, «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында «Теңізшевройл» ЖШС жыл сайын Атырау облысы бойынша мектептер, балабақшалар, ауруханалар және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар салуға 25 миллион АҚШ долларын бөледі. Бас-аяғы 30 жыл ішінде «Игілік» бағдарламасының арқасында 120-дан астам әлеуметтік инфрақұрылым нысандары іске асырылды.
Былтыр Атырау облысында 7 мектеп салынды. Құрылыс жұмыстары биыл да жалғаспақ. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков М.Жұмабаев атындағы №1 мектептің ашылу салтанаты кезінде берген сұхбатында биыл жоспар бойынша 9 мектептің құрылысы басталатынын айтқан еді. Осылайша, 2027 жылға дейінгі жоспар аясында 27 мектептің құрылысы аяқталған кезде үш ауысымды мектептердегі жағдай реттеледі. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2025 жылға дейін 12 жаңа мектеп бой көтеруі тиіс. Оның төртеуі аудандарда салынбақ.
P.S: Бұдан бөлек, былтыр "Теңізшевройл" ЖШС "Игілік" ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында Исатай ауданы Тұщықұдық ауылындағы Ж.Мырзағалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектепке қосымша ғимарат салып берді. Оның құрылысы 2021 жылы басталған. Ауданы шамамен 4 мың 490 шаршы метрді құрайды. Жаңа нысан мектеп галлереясы арқылы негізгі ғимаратқа жанасады. Мектептің бұрынғы ғимараты да 350 оқушыға есептелген, алайда тұрғындар санының өсуіне байланысты тек бастауыш сынып оқушыларына (0-5 сынып) қосымша ғимарат салу туралы шешім қабылданды.
ЭЛЬМИРА МЫҚТЫБАЕВА