Атырауда жаңа мектеп ашылды

Атырау қаласында 300 орындық М.Жұмабаев атындағы №1 мектептің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жаңа ғимарат «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында салынды. Жоба құны - 2 млрд теңгеге жуық.

Білім ордасының ашылу салтанатында облыс әкімі Серік Шәпкенов жаңа әрі заманауи мектептің ашылуымен ұстаздарды,  ата-аналар мен оқушыларды құттықтады.

«Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласын дамыту мақсатында берген тапсырмалары көп. Соның бірегейі – апатты және үш ауысымды мектептерді жою. Бұл  мектеп көп жылдар бойы апатты боп танылып, шешімін таппай келген еді. Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Мектеп заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Қадірменді ұстаздар, бәсекеге қабілетті білімді жастарды тәрбиелейсіздер деп сенемін. Осы мектепте оқыған балалар болашақта Атырауды елге танытып, біз мақтан етіп жүрейік, - деді облыс басшысы С.Шәпкенов.

Мектеп 2017 жылы апатты деп танылған. Жаңа мектептің құрылысы 2022 жылдың наурыз айында «АРСМ» ЖШС мердігер компаниясы бастаған. Жаңа 2 қабатты мектеп ғимараты 4 блоктан тұрады. «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Көңілқош Сүйесиновтің айтуынша, «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарламасы аясында ТШО жыл сайын Атырау облысы бойынша мектептер, балабақшалар, ауруханалар және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар салуға 25 миллион АҚШ доллар бөледі. 30 жыл ішінде «Игілік» бағдарламасының арқасында 120-дан астам әлеуметтік инфрақұрылым нысандары іске асырылды.

М.Жұмабаев атындағы №1 мектептің директоры Гүлжан Қожахметова жаңа ғимараттың 355 оқушыға арналғанын және балалар алдағы уақытта екі ауысымда білім алатынын алға тартты.

«Құрылыс жұмыстары басталғаннан бері балалар №18 Х.Доспанова атындағы мектепте білім алуда. Балалар жаңа білім ордасына үшінші тоқсанда келеді. Мұнда 22 сынып бар. Баланың білім алып, дамуы үшін барлық жағдай жасалып отыр», - деді мектеп басшысы.  

Екі қабатты жаңа ғимаратта асхана, спорт залы, «Технология» пәні сабақтарына арналған оқу шеберханалары, кітапхана, асхана, ашық ауада спортпен шұғылдануға арналған: футбол алаңы, жүгіру жолы, әскери дайындық алаңы, баскетбол мен волейбол алаңдары қарастырылған. Сонымен қатар, мектеп іші пандустармен және лифтпен де жабдықталған.

Еске салайық, бұл білім мекемесі қала тұрғындарына Ленин атындағы №1 мектеп ретінде белгілі. 1935 жылы ғимараттың іргетасы емхана ретінде қаланған. Ал  1950 жылдан бастап апатты деп танылғанға дейін балалар білім алып келді.

Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбековтың айтуынша, Атырау облысында 5 апаттық мектеп бар болса, соның екеуінің мәселесі шешімін тапты.

Эльмира Мықтыбаева