Атыраудағы 109 call-орталығы бір тәулікте 1500 қоңырау қабылдады

Бұл туралы «109 Бірыңғай байланыс орталығының» басшысы Ақмарал Батырханова мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Бүгінде call-орталық күшейтілген режимде қызмет етуде. Орталықта ауысымдағы операторлар саны 5-тен 12-ге дейін көбейтіліп отыр. Мұнда қызметкерлер 4 ауысымда жұмыс істейді.  

- Жалпы бізге коммуналдық бағытында қоңыраулар келіп жатады. Ал соңғы уақытта өтінімдердің басым көпшілігі ауа-райының қолайсыздығына қарай, жарықтың апаттық жағдайда өшуі, аумақтардағы жауын суын тазалаумен байланысты болып отыр. Барлық қабылданған өтінімдер орындалу үшін жауапты мекемелерге дер кезінде жеткізілуде, - деді А.Батырханова. 

Айта кетейік, 109 call-орталығы 2020 жылдан бастап қызмет етуде. Мұндағы 30 қызметкер ауысыммен 24/7 жұмыс істейді. Тәулігіне орта есеппен 450-500 қоңырау түседі. 
 
Еске сала кетейік, «109 Бірыңғай байланыс орталығы» өңірдегі барлық коммуналдық кәсіпорындардың call-орталықтарын біріктіре отырып, аумақ  тұрғындарымен байланыс жасаудың бірыңғай нүктесі. Орталықтың негізгі артықшылығы - тұрғындар үшін тәулік бойынша қолжетімді, тегін байланыс арнасы болумен қатар, коммуналдық және әкімдіктің барлық құрылымдық бөлімдеріне қатысты мәселелерді қашықтықтан шешу.