Мади Берди – «ABK hall» ресторанының бас аспазы. Оның тағамдар концепциясы – әлемдік асханаларды авторлық тәсілмен үйлестіру. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Мади дәмханада қалай тегін жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаудан бастап, бас аспаз атанғанға дейінгі еңбек жолын баяндап берді және аспаздықпен өмірін байланыстырғысы келетіндерге құнды кеңестерін берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Аспаздықтағы алғашқы қадамдар
26 жастағы атыраулық бас аспаз Мади Берди бала кезінен тамақ пісіруге қызығушылық танытқан. Отбасында үш әпкесінен кейінгі ең кішісі болып өскен ол анасына ас әзірлеуге көмектесіп, Джейми Оливердің сүйікті аспаздық бағдарламаларынан шабыт алды. Анасы аспаз болып жұмыс істеп, қосымша торттар пісіріп сататын. Мереке күндері жүзге дейін тапсырыс түскенде, кішкентай Мади мектептен кейін отбасына көмектесетін болған.
14 жасында ол анасы жұмыс істейтін мейрамханада даяшы болып жұмысқа орналасқан. Сол кезде ол ас үйдің қыр-сырын түсіне бастапты. Бірақ 9 сыныптан кейін ол қай оқуға түсу керектігін білмеген. Стоматолог болуды армандаған, бірақ ипотека мен несиелерді ескеріп, анасына артық салмақ түсіргісі келмегенін айтады.
- «Мен анамды қымбат оқу ақысымен жүктегім келмеді. Сөйтіп, таныстарымнан Атырау сервис колледжінде аспаз мамандығын тегін меңгеруге болатынын және жақсы оқығандарға стипендия берілетінін естіп, құжаттарымды тапсырдым. Қазақ тобында орын болмағандықтан, орыс тобына түстім» дейді Мади.
Сол кезде колледжде практикалық сабақтар қазіргідей көп болмаған. Соны пайдаланып, Мади өзін-өзі дамытуды көздеп, 16 жасында «Петрушка» мейрамханасында ақысыз жұмыс істей бастаған. Ал, бірінші курстан кейін үш ай бойы сол жерде жалақыға жұмыс істеп, ет бөлшектеп, жүк тасушының ауыр жұмысын атқарды. Екінші курста ол «Салтанат сарайы» мейрамханасында ыстық цехта аспаз болып жұмыс істеді, кейін қонақүйде су-шеф болды.
Ол Алматыда WorldSkills байқауына қатысып, кейін Астанадағы республикалық жарыстарға қатысты. Сонда оны WorldSkills қозғалысының бас сарапшысы байқап, тағылымдамаға шақырды. Үшінші курста ол төрт ай бойы сарапшының мейрамханасында тәжірибеден өтіп, колледжді аяқтаған соң әскерге аттанды.
Үй тортынан жеке цехқа дейін
Әскерден оралған соң, Мади аспаз болып жұмысын жалғастырып, карантин кезінде «Буффало гриль» мейрамханасында жарты ставкамен жұмыс істеді. Осы уақытта ол үйленіп, отбасымен бірге торттарды тапсырыс бойынша пісіріп, қала бойынша жеткізуді ұйымдастырды. Іс жақсы жүріп, ол цех жалдап, жеткізілімдерді автоматтандырып, ұн мен қантты жеткізу жүйесін жақсартты. Кейін олар Береке мөлтек ауданындағы үйдің ауласында өздерінің кондитерлік цехын «Baker House» атты қондырды. Қазіргі кезде олар күнделікті нан, бәліштер, торттар пісіріп, көршілерінің арасында жаңа піскен нан сатады.
Шеф-аспаз
Бірнеше жыл бұрын Мади кондитерлік бизнесін анасына тапсырды да, жаңа «ABK hall» банкет залының бас аспазы болды. Ол команда жинап, өз мәзірін жасап, оны жылына екі рет жаңартып отырады, сондай-ақ мерекелер мен Рамазан айы кезінде жаңа тағамдар ұсынады.
- «Бізде керемет команда бар, бәріміз кеңесіп, жоспарлап, дамып отырамыз. Жақсы, сенімді команда – біздің ісіміздің негізгі бөлігі», – дейді Мади.
Мади үшін табысқа жету жолы жеңіл болмады. 9 жылдық жұмыс барысында ол шәкірттен бастап бас аспазға дейін көтерілді. Оның жұмыс графигі қазір икемді, бірақ басында күн сайын 14-16 сағат жұмыс істеуге тура келді. Қайнатпалар, кесілген жерлер, шаршау – бәрі де болған, бірақ мамандыққа деген махаббат барлық қиындықтарды жеңуге көмектесті.
Мади мамандық таңдау кезінде тек ата-ананың кеңесіне емес, жүрегіңе сену маңызды екенін айтады.
- «Егер жұмыс көңіліңнен шықпаса, ол тез жалықтырады. Егер ұнатсаң, дамуға, мақсатқа жетуге деген ынта пайда болады. Аспаз болғысы келетіндер шыдамды әрі стреске төзімді болуы тиіс. Жұмыста жеке мәселелерге алаңдауға болмайды, әйтпесе жарақат алуыңыз мүмкін немесе тағамның дәмін бұзасыз», – дейді ол.
Мади – отбасылы, әйелі және екі баласы бар: ұлы мен қызы. Қысқартылған уақыттарға қарамастан, олар үшін уақыт тауып, балаларын үйірмелерге апарады, және оларды дәмді тағамдармен қуантады.
- «Балалар мен үшін таңертең рисовую каша пісіргенде өте қуанады – әрқайсысы екі табақтан жейді! Кейде, түнде бәрі ұйықтап жатқанда, әйелімді ерекше тағаммен қуантамын», – деп күледі Мади.
Сұранысқа ие мамандық
Мади сөздері бойынша, қоғамдық тамақтандыру саласында жақсы аспаздар жетіспейді.
- «Жыл сайын бізде орта есеппен 3-4 мейрамхана ашылады, бірақ жақсы, еңбекқор аспаздарды табу қиын. Менің тәжірибемде көбінесе біз аспазшыны немесе даяшыларды оқытқанымызды байқаймыз, егер олар үйренуге ниетті болса. Сондықтан, аспаздарымыздың 70%-ы кәсіби білімсіз, бірақ үлкен тәжірибемен. Колледждің түлектеріне практикалық тәжірибе жинақтау маңызды. Мұнда үлкен еңбекқорлық қажет, кейбіреулер жұмыс қарқынына шыдай алмайды, өйткені аспаз болу жолы оңай емес. Біздің мамандығымызда орнында тұрмай, үнемі білім алып, шабыт іздеу, дамуға тырысу қажет» дейді ол.
Мади колледж түлектеріне тегін мастер-класстар ұйымдастыру және аспаздық бейнемазмұн жазу жоспары бар.
- «Жастарға өз кеңестерімді мен тәжірибемді бергім келеді. Мен колледжбен байланысымды сақтап, оның кәсіби оқытушыларына құрметпен қараймын», – дейді ол.
Мади сөздері бойынша, аспаздардың табысы тәжірибеге байланысты. Жай аспаз 300-450 мың теңге, ал бас аспаз 500 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін табыс табады.
Аспаз мамандығы шынымен де жеңіл емес, бірақ оның артықшылықтары әлдеқайда көп. Мади Берди өз хоббиін жоғары жалақы алатын жұмысқа айналдыра алды, оның айтуынша, оған анасының қолдауы, сүйікті әйелінің қамқорлығы және әріптестерінің достық қолдауы көмектескен. Оның пікірінше, көп оқу мен еңбек етуге дайын болған кез келген адам бас аспаз болуға мүмкіндігі бар.
Жанат ШАЯХМЕТОВА
Аударған Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ