Мониторинг арқылы анықталған рұқсат етілмеген қоқыс орындары Самал ықшам ауданында орналасқан. Тазарту жұмыстарына «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің үш техникасы мен 10 қызметкері жұмылдырылды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өткен жылы «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ түсірілімдері арқылы 168 орын анықталған. Оның 53-і Атырау қаласы, ал 115-і Жылыой ауданы аумағында.
- Атырау қаласында анықталған орындардың 34-і жеке меншіктегі құрылыс материалдары екені анықталса, 19 орынға тазарту жұмыстары жүргізілді. Жылыойдағы 106 орынға тазалау жұмыстары жүргізілді. Қалған үш жер заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигон орны, ал алтауы жеке аумақтағы құрылыс материалдары екені белгілі болды,- деді АОБ экология департаменті Мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Рамазан Салық.
Айта кетейік, рұқсаты жоқ қоқыс орындарын анықтау ғарыш сапары түсірілімдері мен әлеуметтік желілердегі мониторинг арқылы жасалады. Анықталған орындар жергілікті атқарушы органдардың көмегімен тазаланады.