Атырауда жартылай бос қалған жатақханаға күрделі жөндеу жасалады

Келесі жылы Ж.Молдағалиев көшесінің бойындағы жатақханаға күрделі жөндеу жасалып, апатты деп танылған үй тұрғындары үшін уақытша пана болмақ, деп хабарлайды AtyrauPress.

Ж.Молдағалиев көшесіндегі №30 үйдің жарым-жартылай бос тұрғанына екі жылдың жүзі болды. Тура көшенің бойындағы алқа-салқасы шыққан ғимарат сырт көзге ерсі көрінеді. Оған қоса қаланың келбетін де бұзып тұр.

Бес қабатты ғимарат 3 подъезден тұрады. Оның екеуі тып-типыл бос тұрса, үшіншісін жеке кәсіпкер толығымен сатып алыпты. Ал төменгі қабатын сұлулық салонына айналдырған.  Алдыңғы екі подъездің тұрғындары екі жыл бұрын «Береке» шағынауданынан пәтер алып, көшіп кеткен.

Бұрынғы жатақхана не бұзылмайды, не қайта жөнделмейді. Екі жылдың ішінде онсыз да әбден тозығы жеткен ғимараттың есік-терезелері тоналып, қабырғалары ғана қалған. Осы ретте, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Рафкат Жолдиевке хабарластық. Оның айтуынша, алдағы уақытта бос тұрған ғимаратқа күрделі жөндеу жасалады. Ал қазір жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

«Биыл жобаны аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сосын жоба негізінде күрделі жөндеуге кірісеміз. Жатақхана 1986 жылы салынған. Сол уақыттан бері ешқандай жөндеу көрмеген. Оған қоса, тұрғындардың да салақтығы бар. Тіпті, кейбірі жатақхана болғаны үшін жөндеу, күтіп ұстау қажет емес деген ой қалыптасқан. Ондағы екі подъезде 1 бөлмеден 80 пәтер болған. Бір секцияда 3, 4 бөлме бар. Асхана тіптен жоқ», - деді Р.Жолдиев.

Жобалау жұмыстары аяқталған соң жеке бөлме емес, толыққанды 3 не 4 бөлмелі пәтер етіп жасалады. Онда шатырдан бастап, жертөледегі кәріз жүйелеріне дейін қалпына келтіріледі. Бас-аяғы қанша қаражат кететіні жоба аяқталған соң белгілі болады.  

Мұнан соң бұл үй апатты деп танылған үй тұрғындары үшін уақытша пана болмақ.

Айта кетейік, Атырау қаласында 82 апатты үй бар, оның екеуі жатақхана.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА