«Геолог» шағынауаданындағы «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылының бұрынғы ғимараты орналасқан жерде 2024 жылы жаңа балабақша салынады.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі берген ақпарат бойынша, отбасы үлгісіндегі балалар ауылының бұрынғы ғимаратын 2021 жылғы наурыз айында зерттеу және ғимараттың техникалық жағдайына баға беру туралы жасақталған қорытындысы бойынша 4-ші санаттағы апат алдындағы жағдайда тұрғаны анықталған.
«Ғимараттағы барлық пайдаға жарамды жабдықтар жаңа ғимаратқа көшірілді. Күні бүгін апатты нысанды толық бұзып, орнына жаңа 290 орындық балабақша құрылысын салу жоспарланған. 2023 жылы жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, құрылысы 2024 жылы басталады», делінген хабарламада.
Бұл ғимарат 1970 жылы салынып, пайдалануға берілген. Бүгінгі күні ондағы бүкіл инженерлік коммуникациялардың әбден тозығы жеткен. Сондықтан да қайта қалпына келтіруге болмайды.
Қазіргі күнде тозығы жетіп, қараусыз қалған ғимарат кім көрінгеннің мекеніне айналған. Онда терезелердің әйнектері сынған, кіре беріс есігі мүлдем жоқ, қысқа қайырғанда ішінде іліп алар дүние қалмаған.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы «Шаңырақ» отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері үшін «Талғайран» шағынауданында жаңа ғимарат салынып, балалар үйі сонда көшірілді. Бұл ауқымды жоба Каспий құбыр консорциумының қолдауымен жүзеге асты.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.