Жас жігіт қалалық ішкі істер бөліміне арыз жазған. Қызметтік тергеу басталды, деп хабарлайды ATPress.kz.
Әлеуметтік желілерде 7 қаңтар күні полицейлер 18 жастағы Атырау тұрғынын зейнетақы алып, досымен бірге сауда орталығына азық-түлік сатып алуға барған кезде ұрып-соққаны туралы ақпарат тарап жатыр. Сауда орталығына кірмей тұрып оларға кезіккен полиция қызметкерлері қалалық полиция бөліміне жеткізіді деген болжам бар.
Одан әрі жігітті аяусыз соққыға жыққаны туралы айтылады, нәтижесінде оның «кеуде қуысы көгерген» деген диагноз қойылған. Таратылған ақпаратта оның зейнетақысын полицейлер ұрлап кеткені де айтылады. Жас жігіт қазір үйінде ем қабылдап, қалалық поиция бөліміне арыз жазған.
Мәселенің анық-қанығын білу үшін ATPress.kz сайтының тілшісі Атырау облысы ІІД баспасөз қызметіне хабарласты. Білгеніміз, аталған факті бойынша қызметтік тексеріс басталыпты.
«Соңғы тәулікте Атырау облысы бойынша ТЖКБ жедел желіге 11 қоңырау түсті, оның 9-ы кеңес беру сипатында. Әрбір жағдай бойынша құзыретіне сәйкес түсіндірмелер беріледі. Полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты арыздар мен шағымдарға келетін болсақ, олардың барлығы мұқият тексеріліп, әрбір өтініштен кейін ақпарат беріледі. Тексеру нәтижесінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары аясында жігіттен ұялы телефон тәркіленгені анықталды. Бір өтініш бойынша қызметтік тергеу тағайындалды», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында. Айта кетейік, полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері анықталған жағдайда кез келген уақытта тәулік бойы жұмыс істейтін ІІМ 1402, 8 (7172) 71-41-09, ОҚЖБ, министрдің ресми блогына, «Ашықтық алаңының» фронт-офистеріне, сондай-ақ ОКЖ облыстық филиалына 25-10-38 телефоны арқылы хабарласуға болады.