Атырау облысының әкімі жанындағы әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен С. Мұқашев атындағы политехникалық жоғары колледжінде Жайықтың даңқты қызы, қоғам қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Мәдина Ғабдусәлімқызының 90 жасқа толуына орай «Ұрпаққа үлгі өмір жолы» атты кездесу өтті,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиынға студенттер мен жас педагогтар, қоғам белсенділері қатысып, ардагердің өмірі мен еңбек жолы туралы арнайы фильмді тамашалады. Мәдина Ғабдусәлімқызы партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдарында белсенді еңбек етіп, өңірдің дамуына зор үлес қосқан тұлға. Ол кездесуде өмірден түйген тағылымды ойларымен бөлісіп, жастарды еңбекқорлыққа, білімге құштар болуға және кітап оқуға шақырды.
— Ең бастысы – еңбек пен адалдық. Өмірде кездесетін қиындықтарға мойымай, әр істі шын жүрекпен атқарсаң, оның жемісін көресің. Мен өз жолымда үздіксіз білім алып, тәжірибе жинақтауға тырыстым. Жастарға да осыны айтар едім. Оқудан, ізденуден, еңбектенуден жалықпаңдар. Ең маңыздысы – елге адал қызмет ету, аға буынның еңбегін бағалау. Біз қиын кезеңдерді бастан өткердік, бүгінгі бейбіт күн – сол еңбектің нәтижесі. Ал жастар оны әрі қарай дамытып, елдің болашағын жарқын етуі керек, - деді М.Ғабдусәлімова.
Кездесуде Мәдина Ғабдусәлімқызының серіктестері Рашила Қабиқызы мен Нұрлы Тельманқызы оның еңбекқорлығы мен адамгершілік қасиеттерін ерекше атап өтті.