Атыраулық балық өсіруші маман жаңа технологиясыз бекіренің құрып кетуі мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Атырау облысындағы мемлекеттік Бекіре зауытының техникалық жағдайын жақсарту қажеттілігін атап өтті. Сондықтан Экология, геология және табиғи ресрустар минисрліктері мен облыс әкімдігі осы зауыттарды реконструкциялауды бюджеттік инвестициялық жобалар тізбесіне енгізу мәселесін пысықтауы қажет-ақ.
Осыған орай, біз Атыраудағы «CASPIAN ROYAL FISH» фермасының бас балық өсірушісі Ахат Ниматовтың пікірін білген едік.
"Зауыттар 80-ші жылғы технологиямен жұмыс жасайды. Соған байланысты кейбір технологиялық процесстерге жаңа тиімді нәрселерді қосып , үкімет зауыттарының өнімділігі мен қуаттын арттыру қажет. Ол үшін зауытта өз үйірі болуы керек. Жайықтан алынған өндіргіш балықтарды, жыныс- өнімдерін алғаннан кейін зауыттар құтылуға асығады. Доместикация жұмыстары менің ойымша дұрыс жүргізілмейді. Екі зауыт 7,2 млн. шабақ жібере алады , тоғандары жеткілікті. Мәселе , оларды бақылау және қабылдап алу жұмыстарында болып тұр ғой. Күмән болмас үшін бәрі ашық болуы керек. Қанша балық өзеннен ауланды, қанша шабақ жіберілді" деді ол бізбен әңгімесінде.
Балық өсіруші маманның сөзінше, аймақтағы балық өсіру зауыттарын қайта жабдықтау (реконструкция) кезінде жаңа озық технологияларды енгізу қажет. Атап айтқанда:
1.Жабайы өндіргіш балықтарды зауыт бассейндерінде, торлы шарбақтарда немесе тоғандарда өсіріп бейімдеу;
2.Тұйықталған суда ( УЗВ) жас шабақтарды өсіру және өзенге жіберер алдында табиғи ортаға бейімдеу;
3.Өндіргіш балықтарды тұрақты автоматтандырылған бассейндерде ұстау және жыныстық өнімдерін алу;
4.Дернәсілдерді (личинка) өсіру кезінде артемияның науплиімен қоректендіру , ол үшін инкубаторлар сатып алу;
5.Ең бастысы шабақтарды 20-30 граммға дейін өсіріп ашық түрде мемлекетке тапсыруды ұйымдастыру;
6.Жабайы өндіргіш балықтарынан үйір қалыптастырып, өзенннен аулауды тоқтату керек.
Айтпақшы, жуырда Үкімет отырысында балық саласын дамыту мәселелері талқыланды. Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев маңызды мәліметтермен бөлісті. Мәселен, соңғы үш жылда балықты қолдан өсіру көлемі екі есе артыпты. Бұған өткен жылы қабылданған Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы айтарлықтай серпін берген.
"Саланы мемлекеттік қолдау шаралары күшейтілді, оның ішінде қажетті азық қорын ұлғайтуға көңіл бөлінді. Балық өсіруге арналған тоғандарды жобалау рәсімдері жеңілдетілді. Салық кодексі аясында балық кәсіпшілігіне қосылған құн салығын 70%-ке төмендету көзделді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 2 жылда балық өсіретін шаруашылықтардың саны 2 есе өсті. Балық экспорты 13%-ке ұлғайды, оның ішінде Еуропа елдері де бар" деген министр қолдан өсірілген және ауланған балық өндірісі биылғы жылдың он айында шамамен 57 мың тонна болғанын және бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ке жоғары екендігін атап өтті.
Сондай-ақ, алда атқарылар жұмыстар да аз емес. Алдымен, өңір әкімдіктері балық өсіру саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет. Балық өсіретін шаруашылықтарды ұйымдастыру үшін учаскелерді беру рәсімін жеңілдету керек. Сауда министрлігі Өңір әкімдіктерімен бірлесіп, отандық балық өнімдерін сататын арнайлы объектілер құру мәселесін пысықтауы қажет. Жергілікті өнімге сұранысты арттыру үшін жағдай жасау керек.
Фото: Амандық АБДОЛ