Атырауда көпірден секіріп, денесі айға жуық іздестірілген 16 жастағы Әсемай Қазбекова жерленді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Әсемай Қазбекованың денесі 1 мамыр күні Жайық өзенінен табылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің берген ақпараты бойынша, 7-19 сәуір аралығында қызды сүңгуірлер су астынан іздеді. Мұнан соң судың ағысының қатты болуына және су деңгейінің көтерілуіне байланысты іздеу тоқтатылған. Бірақ су бетінде іздеу жұмыстары жалғасты.
Өкінішке қарай, 1 мамыр күні қыздың денесін Жұмыскер ауылының тұрғындары су бетінен көріп, хабар берген. Көп ұзамай туыстары оны Әсемайдың денесі екенін растады.
Кеше, 2 мамыр күні қыздың туыстары мен мен оны іздеуге атсалысқан жанашыр азаматтар марқұмды ақтық сапарға шығарып салды.
Еске сала кетейік, облыстық полиция және төтенше жағдайлар департаменттеріне 2007 жылы туған қыздың жоғалып кеткені жөніндегі хабар 6 сәуір күні сағат 19.00-де келіп түсті. Ал 10 сәуір күні қыздың көпірден секіріп, өзіне қол жұмсағаны белгілі болды.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА